16.09.2022
  224


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚАРА БУРА

Қара таудай тұлғасы,
Қара бұлттай шудасы.
Қарағанға аунаған,
Қара айдағар аумаған,
Қара белде қабарып,
Қара жолға қадалып,
Қара бура тұржалғыз.


Қара бураның ашуы,
Қара даланың ашуы.
Қара бураның күркірі,
Қара бір күннің күркірі.
Қалшылдағанда қара дəу,
Қалшылдайды екен қара тау.
Қара жер– тірлік қайнары,
Қара бура оның айбары.
Қара жер оның айдыны,
Қара жердің ол қайығы.
Сиреген соң-ау, қатары,
Қайнап бір алған қаһары.
Шығатындай-ақ күш қайнап,
Шабынады ауыр тіс қайрап.
Қан талап көзі бір түрлі,
Күшейді күріл-күркірі.
Келгендей жарап бабына,
Қарады мұңмен маңына.
Дегендей неткен сорлы едім,
Көрді орнын ойдым сор көлдің.
Зауыттар түтіні будақтап,
Маңында адам жүр қаптап.


Ұланай нау бар дала,
Қарамай сорған қандала.
Байлығын тасып кеміктер,
Айқасқан автокөліктер.


Жер шашын теріп жырғаған,
Қызылша жұлып жинаған.
Даланың кенін тонаған,
Қара тау қойны көп адам.


Пенделер мынау жегі құрт,
Даласын жатқан жеміріп.
Қараған басын кеміріп,
Аштықтан белі бұралып,
Боталы інген тұр арық.
Кенет бір анау ақ жалдан,
Жартастарды үгіп қақ жарған
Естіп бір қатты күрсілді,
Қара бура ауыр күрсінді.
Назарын жұрттың аудара,
Сілкінді түгел тау-дала.
Қолқасын жарды бəрінің,
Ащы иісі дəрінің.
Жаңғырды тағы тау іші,
Боздаған түйе дауысы–
Түнерген мұңлы көзімен,
Кіндіктесін көрді ол көзімен.
Көзінен анау мұң қалың,
Оқыдым сырын бураның.
Түсінер одан қай кісің,
Даланың уайым-қайғысын.
Жібермей дала тандыры,
Жібермей дала тағдыры.
Қара жер сенің суретің,
Көзінде оның тұр жетім.
Қара бураның көзінен,
Мөлтілдеп барып үзілген–
Ертіп түсердей тастарды,
Тырсылдап жергежас тамды.





Пікір жазу