ТҮЙЕ КИІК
Асау дала, асау қыр,
Асар адам, аң біткен.
Қандай бақыт жасау бір, Тау далада əн күткен.
Жетіп жатыр əл-күшің,
Бейғам жатқан қыр көңіл.
Адам менен аң-құсың,
Кешеді екен бірге өмір.
Тəнін алғаш адамдар, Жапырақпен жасырған.
Қауіп те жоқ алаңдар,
Қулық та жоқ асырған.
Тоғай-тоғай, ну-жыныс,
Көз тоймайды гүлге өскен.
Аң мен адам бір туыс–
Сияқтанып күн кешкен.
Жыртқыштар да жоқ қалың,
Бейғам тірлік аңғарды.
Жуас дейді тоқ қарын,
Арыстаны, арланы.
Қыр– даланың киесі,
Қоңыр аңдар кешегі.
Қоңырлардың иесі,
Түйе киік деседі.
Маңғаз-маңғаз тау шалғай,
Түйелерге бұйырған.
Боталары тауыса алмай,
Далаға уыз ұйыған.
Түйе киік зайыры,
Қыр-даланың дөй аңы.
Момақандау аюы,
Қорқақ емес қояны.
Жимаған жем қоймалы,
Адамнан сырт басқа аңың.
Ал, пенделер ойлады,
Көлік қамын, ас қамын.
Бір зобалаң басталды,
Қолыменен адамның.
Жей бастады басқа аңды,
Аузын ашып аранның.
Бейғам, бейбіт аңдарды,
Бұзып қулық килікті.
Жүк артуға таңдады,
Маңғаз түйе киікті.
Екі аяқты хайуаның,
Екі өркешке асылды.
Төрт аяқты хайуаның,
Мөңкіп-мөңкіп басылды.
Түсінбеген тура əлін,
Жалтаруға жəй қалды.
Талай пенде бураның,
Ауызында шайналды.
Қандай болар көресі,
Жасаурап тек көзі–
Аң біткеннің төресі,
Адамға кеп шөкті өзі.
Айла астында жан– шыбық,
Майысса да сынбады.
Жүк астында жаншылып,
Тақымдарда зырлады.
Айбарындай даланың,
Буралары шабынды.
Көрсе адамның баранын,
Табанынан шаң ұрды.
Адамның алпыс айласы,
Бурасын да шөгерді.
Жаудырап қалды сай, тасы,
Еркіндік, ерік жоқ енді.
Қимады жасыл белдерін,
Қорлыққа төзді бұл ғажап.
Зорекер қолы пенденің.
Мұрнын тесті бұйдалап.
Тарпаңын тақымда ойнатып,
Жүк артты түйе киікке.
Қарады сосын ойланып,
Қыранға ұшқан биікте.
Айта ма, сірə, бір хабар,
Қиқуға құлақ түр енді.
Сап түзеп көкте тырналар,
көш жүрді жерде түйелі.