ҚАРАТАУДА БІР ҚЫЗ БАР
Қара таудың қара мақпал түнінде,
Қара нардай қара шыңның түбінде.
Қара қыз бар қара шашы төгілген,
Бір алапат сезім ойнар өңінде.
Жолаушы да не білмеген, не білген,
Қара күнгей боз түтіні көрінген.
Маған таныс оның үйі сол жерде,
Көзімеыстық басылатын тегіннен,
Қара таудың баласымын тегі мен.
Қара бұйрат, қарағанды, қара дөң,
Арасында шашыңа үкі қадап ем.
Қара жердің киесі ме беймəлім,
Қара қастың арасында қара мең,
Қара меңге қиыла көп қарап ем.
Таба алмадым жүрегімнің неге емін,
Көкірегімді кері самалға керемін.
Арамызда қара жайқын құм жатыр,
Құм шетіне күнде кешке келемін,
«Қара торғай» əнін айта беремін.
Керім керден күйін тыңдап қурайдың,
Қабынады қарашада қу қайғым.
Қара бұлттар қара таудан бері асқан,
Біздің жергежаумай өтсежылаймын.
Қара бұлттан бір шапағат сұраймын.
Сол бұлттар нөсерлесе төбемнен,
Жаным менің жайсаң тартып көгерген.
Бойым еріп, көңіл ғажап елітіп,
Сағынышымды ақ жаңбырдай төгем мен,
Көкірегімде көптен бері бөгелген.
Таудың таза кіндігінен туылған,
Таудың таза жаңбырымен жуынған,
Таудың қызы– таудың гүлі сияқты,
Саф ауасын жұтқан
еркін бұрыннан,
Гүл емес ол қыш ыдысқа буылған.
Гүлдің мынау қыш ыдысқа буылған,
Тамыры да, тағдыры да буылған.
Сол сияқты баппен ғана ержеткен,
Жүзін бояп, күніне мың құбылған,
Мезі болдым қаладағы кей құрбымнан.
Бірге татқан тəтті дəмін ойынның,
Бірге ашқан əліппесін ойымның,
Қыз бойында изеннің де, жусанның,
Ұшқаттың да, тобылғының, мойылдың,
Иісі бар таудың тұла бойының.
«Кел, шырағым, келсеңші» деп, жанарын,
Қарағанда бір жасарып қаламын.
Бірақ, кейде мен
– Қозыға, ол
– Баянға айна-лып,
Қара байдай соғып қайғы қамалын,
Қара тауда тарс түйе ме қабағын?!
Жо-жо-жоқ, не деп кеттім мен тіпті,
Ол шақтарды баяғыда, баяғыда-ақ жер жұтты.
Есіме жай алғаным ғой ерлікті,
Менен қашан əлсіздікті ел күтті,
Жіңішкеріп жаным қалай ентікті?
Аспанымның бұлты солай жыртылды,
Жыртылды да алмағайып сыр туды.
Сондықтан да құлай сүйген жүрекке,
Қара таудың табиғаты сүйкімді,
Құм ұшырған бораны да сүйкімді,
Қойшы, əйтеуір? Бəрі-бəрі сүйкімді,
Бəрінен де қара қызы сүйкімді!
Міне, осындай қара жібек қызы бар,
Қара таудың қара алтындай қызы бар.
«Қара» деуім ерке көңіл сөзі ғой,
Қара емес-ау, қара торы жүзі бар,
Көрген адам көзі тұнып қызығар.
Күтем оны, күтем дайым сарылам,
Сарылам да қиял кезіп сабылам.
Қасын атқан қала қызын қайтейін,
Қара таудың қара қызын сағынам,
Қара шалдың қара қызын сағынам,
«Қара торғай» əніменен шақырам.