ҚАЛҚАТАЙ, СЕН АРЖАҚТА МЕН БЕР ЖАҚТА...
Айлы түнде адасам ай көрінбей,
Елесіңсіз мұң басар қайғы– өлімдей.
Мен де бірін сүйермін Абайдайын,
Тоғжанға ұқсатқан Əйгерімдей.
Жетпейді-ау, дауысың да, дауысым да,
Шақ жүрмін сабырымды тауысуға.
Сап-сары күздің саумал самалындай,
Болмай ма сағынышымызды ауысуға.
Мезеттік сезім емес алақызба,
Ғашықтықтан дерттеніп барамыз ба?!
Япыр-ай, буырқана өткел бермей,
Бір жойқын теңіз жатыр арамызда.
Жүректен сағынышын жиі ақтарып,
Тұрған əн естілмейді-ау, жырақта айтып.
Жатыр ма сенің іңкар көңіліңдей,
Толқындар жылап келіп, жылап қайтып.
Оңаша адамдардан сабылысқан,
Қараймын өзің жаққа сағым ұшқан.
Құралған сияқты ғой деп қаламын.
Өмірдің өзі бəлкім сағыныштан.
Ұшынып сағыныштан ауырдың ба,
Ауырдың ба, батқан
соң ауыр мұңға.
Жүрсің бе, өкінішпен пана болмай,
Аттанып кеткен алыс ауылың да.
Жастықпен бар маңайды дуға бөлеп,
Кетіп ең екі жаққа туған ел деп.
Үйіңнен кіріп-шығып осы күні,
Жүрсің бе, мені сөзсіз бір келер деп.
Сол теңіздің күнде кеп жағасына,
Мұң шағамын толқынға, нанасың ба?
Əр дайым арғы шеттен маған қарап,
Тұрасың жұлдыз болып жанасың да.
Қалқам-ай, қанат болған жыр-күйіме,
Сəлемің сəуле төгіп жүр күніме.
Талпынып өте ме əлде, үміт құсы,
Жете алмай екі шеттен бір-біріне.
«Қалқатай сен аржақта, мен бер жақта,
Шұлғиды екі кері арғымақ баушарбақта...»
Таяп та қалғандаймыз екеуіміз,
Сабырды сақтай-сақтай таусар шаққа!