ЖЫР ЖАЗ ДЕЙСІҢ...
Күйіну бар көзіңнің қиығында,
Жыр жаз дейсің, сүйеніп иығыма.
Күйінуден сергиді сенесің бе,
Аласапыран жарыңның миы мына.
Уақыт құрғыр қусырып келеді анау,
Жыр жаз дейсің, жаның да терең еді-ау.
Естіп тұрмын лүпілін жүрегіңнің,
Соны жырға түсірсем керек еді-ау.
Жалын демің жеткізіп жайын ненің,
Жыр жаз, дейсің тиіп тұр жалын демің.
Мəңгі жаз боп жаралған менің үшін
Жаңбырлатқан жанымды, жаның сенің.
Жеңу керек емес пе күйікті адам,
Жыр жаз дейсің, тағы да күліп маған.
Оркиіктей ойнақшып көз алдымда,
Оятасың сезімді ұйықтаған.
Баяны жоқ қайтесің басқа мұңды,
Жыр жаз дейсің, ардағым, асқақ үнді.
Жанарыңның түбінде тұнып тұрған,
Анық көрем тұп-тұнық аспанымды.
Шалықтадың, шамасын шалмады ма ой,
Жыр жаз дейсің, түгемес шаруаны қой.
Сары жайлаудың самалын əкеп тұрған,
Саранадай санаңның салмағы ғой.
Базары бар арада бала-шаға,
Жыр жаз дейсің, бір жыр бола сала.
Ойлануға оң орай тудырасың,
Мені ғана ыңғайлап оңашаға.
Табатындай сол жырдан бақытыңды,
Жыр жаз дейсің, өзгертпей бағытыңды.
Менен бұрын қиналып қия алмайсың,
Бос өткізген бір минут уақытымды.
Кеюлі бір əуенмен кейде мұңлы,
Жыр жаз дейсің, доғарып бей дуыңды.
Маған емес, шырағым, ондай сəтте,
Саған тартып тұрады кей туынды.
Талғамыңда талғар ой танытады,
Жыр жаз дейсің, ойыңды дамыт əлі.
Бір жақсы жыр қағазға түсе қалса,
Менен бұрын балаша алақайлап,
Жыр жаз дейсің, осындай тағы-тағы.
Не қыласың бекерге уайым жеп,
Жыр жаз дейсің, бір сырға бұрайын деп.
Бара жатсам мұбада құлайын деп,
Көзім жетті өзге емес, тек өзіңді,
Құтқарарын махаббат «құдайы» кеп.
Құр асаулар іліксін құрығыңа,
Жыр жаз дейсің, осымен құрыдың ба?
арманың бір, əнің бір, жаның да бір,
Бір екен-ау, ендеше, ғұмырың да,
Ғұмыр жалғап келесің ғұмырыма.
Жаралғандай мың əуен, мың сарыннан,
жүрегімде жырларым жүр сабылған.
Соның бəрін қағаза түсіре алмай,
Қайта айналып өзіңе мұң шағынам.
Тілді жəне тілсізбен тілдесуге,
Бекінгенсің жыр-ғұмыр бір кешуге.
Өстіп жүріп өзің де жырға айналып,
Жырға айналып барасың, білесің бе?
Білесің бе, бəрі де жүр есімде!