ҒАШЫҚ ЖАНАР
Сен маған жалт қарадың,
Шарпыды жалын-демің.
Елігі жат даланың,
Ұқтырды жайын ненің?
Жоқ еді батымды өрем,
Сөйлеуге келмейді əлім.
Ұғыстым атыңды əрең,
Ұмсынып мен бейбағың.
Бойлатып сырға мəлім,
Əр минут əсерлі өткен.
Сыңғырлап сырғаларың,
Жүргенің əсем неткен?
Сүңгідім көз түбіне,
Қызықты қой, қой бəрін.
Оралмай сөз тіліме,
Оңалмай қойды ойларым.
Сен тағы күліп тұрдың,
Күн болып көп ішінен.
Имендің біліп тұрмын,
Оңаша көрісуден.
Тұтқын ғып жанарыңа,
Байладың кірпігіңмен.
Жалындым жамалыңа,
Күбірлеп жыр тіліммен.
Қатысы жоқ сияқты,
Басқаның сөзі бізбен.
Орайда от– шуақты,
Сөйлестік көзімізбен.
Көзбен сыр ауысқанда,
(Жоқ білем бақ-баяны)
Сабырын тауысқан ба,
Айырылысар шақ таяды.
Кетердежүз құбылдың,
Жүз келіп маңайыма.
Қып-қызыл қыз ғұмырдың,
Шомылдым арайына.
Құс жаным жүз егілген,
Көкарай көлім қалып.
Жүгіріп жүрегіңмен,
«Қош» дедің қолымды алып.
Үн-түнсіз қала бермей,
Тіл қаттың керегі не?
Көздерің қара көлдей,
Кетті алып тереңіне.
Жас тамшың жиі тамған,
Көздерің көліңе ұқсап.
Кетті алыс жігіт– арман,
Бұлғадың қолыңды ұзақ.