МЕНІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫМ
Жылатқан да шығармын,
Жұбатқан да шығармын.
Сөйтіп жүріп өмірдің,
Бір беліне шығардым.
Суретімді сызбаған,
Ишаралар ізгі адам–
Түсінетін тек өзің,
Жүрегімді сыздаған.
Тірлігіме жаңарған,
Ғұмыр шамын жаға алған,
Сияқтысың тек менің,
Бақытыма жаралған.
Ұшан сезім, төзімді ой,
Сыйлар маған көзілмей.
Ақындарға алдымен,
Жар керек-ау, өзіңдей.
Толқыса ойдан жыр-үміт,
Тыңдайсың-ау, жиі ұйып.
Отырам мен ондайда,
Шуағыңа жылынып.
Күллі күйім ойыңда,
Жүргендігін мойында.
Менің арман гүлдерім,
Шешектеген бойыңда.
Өртесе егер өрт сезім,
Лақтырған көпке өзін
Менің аңғал шағыма,
Ренжіген жоқ кезің.
Шырқы кетіп шырын бақ,
Жаным күйсе шынында-ақ.
Қанатыңмен су сеуіп,
Сен жүресің шырылдап.
Дала сиған ен кеудем,
Жалықпайды ел деуден.
Би-болыстың үйіндей,
Ат кетпейді белдеуден.
Күтушідей əліге,
Төңкеріліп əніне.
Жүрегіңді қолыңа ап,
Жүгіресің бəріне.
Əдетіңмен үйренген,
Қарбалас бір күйге енген.
Қажып бітті-ау, қажырың,
Күйкі тірлік күйбеңнен.
Қарашы артқа із қалған,
Қызық аз ба біз қанған?
Келсек тағы қырыққа,
Қызғанасың қыздардан.
Айналайын, жан саям,
Бар ма жетер жан саған.
Жүріп-жүріп бошалап,
Қасыңа кеп жантаям.
Таң қойнында бар ізің,
Тал бойыңа тағызым.
Айналсоқтап кетпейтін ,
Менің алтын қазығым.
Шомылғандай нұрға алтын,
Баяғыдай тұр қалпың.
Алыстарға жібермес,
Қазығындай тұлпардың