ҚҰС ПЕН ҚЫЗДЫ ҰЗАТУ
Ел көшкендей құлазып өңір ғажап,
Құс қайтқанда салады-ау, көңілге азап.
Қоңыр күйін шертеді бебеулетіп,
Қоңыр үйде отырып қоңыр қазақ.
Өмір мəнін ұқтырып келте күзің,
Құс қайтқанда бір күйді шертеді ұзын.
Көңіліңді босатар бірге сыңсып,
Бұлғақтаған кешегі ерке қызың.
Бірі– көкте сыңсиды, бірі– жерде,
Шақ тұрғандай екі əуен бірігерге.
Айтып жатыр білемін екеуі де,
Қимастық пен сырын да, жырын елге.
Бір ауылға дəм тартқан ұзақтағы,
Жатыр ауыл бір қызын ұзатқалы.
Қыз– елінің сəні еді, құс– көлінің,
Кетер болды-ау, биыл күз ұзап бəрі.
Ауыр күймен тербетіп айналаны,
Аққу қазы, айдынын айланады.
Ілеспей жүр бала құс қайта қашып,
Бітпегендей əліге айтар əні.
Қош айтарын білмей ме қалай арнай,
Көз жанары мөлтілдеп қарай алмай.
Шымырлайды тек үнсіз желмен бірге,
Құс дуы мен қыз үнін қалап арнай.
Құс сайранын жанындай сүйеді көл,
Сүйеді көл əрине, сүйеді ел.
Аспан, көлдің арасы киелі ішек,
Сол ішекті шерткендей киелі қол.
Көл бетінде жылтылдап нұр жана ма,
Анау талдар сарғайған бүр жара ма?
Құспен бірге егіліп қыз байқұс та,
Қыз дəуренін қия алмай тұр жағада.
Махаббатқа жүрегін тапсыра алған,
Тауысады тақатын тақсыр– арман.
Тұңғыш үркер қыз жанын қытықтаған,
Елестейді бір жігіт ат суарған.
Қимас сезім отына есеңгіреп,
Қатем болса туған ел кеш енді деп.
Су түбіне жасырып алып қалған,
Көрді көлден қыз жүзін ең соңғы рет.
Жігітін де қимайды, жыр елін де,
Жарысады екі нұр жиі өңінде.
Тайталасты, дариға-ай, ару қыздың,
Екі бірдей махаббат жүрегінде.
Қызғалдақтай қыз дəурен күйің кетті,
Сəукеле ілер басыңа күнің жетті.
Алай-дүлей бір сезім қыздың бойын,
Шарпып өтті беймəлім құйын текті.
Көңілі босап сыңсыма– жырға ағылған,
Ақтарылып адамдар жүр ағынан.
Жылай-жылай екі көш бет түзеді,
Бірі– көлден аттанып, бірі– ауылдан.
Кете алсын ба, дариға-ай, қарайламай,
Үндеседі құс əуен қалай-қалай?
Бірі– аспанда, біреуі жерде ұшып,
Барады ұзап артына қарай-қарай...