16.09.2022
  110


Автор: Тəпей Қайысханұлы

СЫҢАР ҚАЗ

Даламнан қысың үркіп, жазың күліп,
Тұрғамын құстар ара назын біліп.
Кенеттен кетті, əне, жалмауыз оқ,
Жапанда жазықсызды жазым қылып.
Ей, аңшы, құсты ортамның сымбатын ұқ,
Жұпты сен айырдың ба шын батынып.
Езіліп кетті жүрек мені атқандай,
Бір тамшы қан домалап суға тұнық.
Көтертпей басты бір күш еңсемді ерек,
Бұл үшін күлме досым нең сөнді деп.
Жүгіріп барғанымда бір бүлк етті,
Жүрегі кіп-кішкентай ең соңғы рет.
Көл бетіне шыр айланып қаңқылдасаң,
Егілем жан сырыңды оңай ұғып.
Сарғайып түссе етекте жапырақтар,
Ілінген шың басына жатыр ақ қар.
Сыңар қаз барады əне бір нүктедей,
Өшпейтін сан жүрекке жағып оттар.
Бұл өмір расында азғын екен,
Күзі кеп қалды артта жазғы мекен.
Мұң-шерін қосағынан айырылған,
Сұр бұлттар қабатына жазды ма екен?!
Жыл өтіп, көктем тағы келді, міне,
Қаламын жіп таға алмай кей күніме.
Тағдырың табиғатпен тілдеседі,
Көрініп тар секілді кең дүние.
Бір нəзік жүруші еді жұмбағы бар,
Мекен ғып осы жерде жылда бұлар.
Қош айтып қапияда еркесіне,
Сыңар қаз ұшып шықты сүлдері бар.
Жүзінде қасіреттің мұң дағы бар,
Секілді анау жартас тұлғалы нар.
Көлдегі аққу, үйрек жоқтау айтса,
Жағада мүлгіп қапты сырғалы тал.
Меңіреу жартас бірде жарыса ұлып,
Ауаға жатты қаздың зары сіңіп.
Бір ауық аларында көрді ме екен,
Тас бауыр бұл тағдырдың заңы сынып.
Мың қосып, жыр еткесін, мың айырып,
Көрген бе кей адамнан мұң айығып.
Аспаннан сағыныштың үні естіліп,
Сыңар қаз келеді арман ілестіріп.
Туған жер қасиетің тартты-ау, тағы,
Еседі қанатыңнан көмескі үміт.
Көлінде қалса да қан, жастың табы,
Кеудеңді самалына аштың тағы.
Деп тұрмын алақайлап жағалауда,
Бақыттың бір сен үшін атсын таңы.
Жүрме ол көктем жайын бос хабар ғып,
Ұқтырған сырын əнмен досқа барлық.
Секілді ажал– аңшы аңдып алдан,
Жаныңа істейтұғын оспадарлық.
Сол қаздың дауысынан сыр ұқ тынып,
Кей өмір жатпай ма онда сыйып тұнық.
Қасыңа екеу болып отырғым бар,
Өшкенше көкірегімнен сүйікті үміт.
Тұяғы кетілмеген тасың тиіп,
Арманым қашады алдан асыл киік.
Ыңылдап дауысыңа мен де ілесем,
Тағдырдың бұйрығына басымды иіп.
Мұңы оның жатқандай бір қос мағына ап,
Құс жанын аяй бердім досқа балап.
Қонғанда жеке барып сол сыңар қаз,
Бір тамшы түсті көлге жас домалап.





Пікір жазу