ҚАРАКӨЛГЕ БАРҒАНДА
Бөктерің қызыл жосалы,
Жауынға жонын тосады.
Батырлар қаны сияқты,
Көргенде көңілім босады.
Таусылмай тіпті, тарғыл тау,
Көзімді əбден талдырды-ау.
Биігін мұнар тұмшалап,
Киігін қуған тағдыр-ау.
Шыңыңа оймен жүгініп,
Бөрі мұң бірге жүр ұлып.
Бурыл өзен алдымнан,
Қарсы ала шықты жүгіріп.
Базарың алда қайнаған,
Дегендей анау сай-салаң.
Ақ бурыл өзенге ілесіп,
Тасыдым мен де қайтадан.
Жөңкіліп жатыр ақ тасқын,
Өзімді өрге ап қаштым.
Көрінді көкке сұғынған,
Алдымнан құзар– ақ бас шың.
Жайылған сурет текке алдым,
Көркіңе көзбен көп қандым.
Ақ бас шыңды Манастың,
Ақ қалпағы деп қалдым.
Шау тартқан шалдай шар далам,
Қобызыңды енді шал маған.
Дегенше-ақ, алда жатыпты-ау,
Қаракөл– ару шалқадан.
Тұңғиық сырлы қара айдын,
Жаратқан деші қалай, кім?
Түбіне түк те жете алмай,
Үңіле ұзақ қараймын.
Көрінді алдан ағарып,
Киіз үй біздің ап-анық.
Келгендей ата қонағы,
Алдыдан шықты ат алып.
Қызатын жыр мен күй үшін,
Сезді бір сырды қу ішім.
Қарсы алды бізді жамырап,
Ақ көңіл қырғыз туысым.
Туысқа жанын балаған,
Сарнады қомыз даладан.
Айқасып ыстық құшақтар,
Алынбай қалды алақан.
Жасыл саз аумақ– аймағың,
Мұз тауың екен айбарың.
Кетеді қалай таңдайдан,
Дəм-тұзың берген қаймағың.
Көп сəлем, биік көктегі ел,
Көңілі шалқар көктем ел,
Көп болды-ау, рас көрмедік,
Жөнің бар білем өкпелер.
Гүл ме екем дедік біз бəрін,
Жыр ма екен дедің бір бəрін.
Қап-қара көлдей көздері,
Қып-қызыл құрдай қыздарың.
Сағыныш жатқан тереңде,
Дулама дерсің неге елге?!
Ойналып кетті оркестр,
Той болып кетті демде.
Аунадым жасыл сазыңа,
Құрбыма айттым базына.
Екен-ау, тірлік– тынысың,
Қазылып болмас қазына.
Көңілді майдай ертейік,
Сезімге шексіз елітейік.
Арғы атамызды айтысып,
Шежіремізді шертейік.
Жаныңды ұқтым көзіңнен,
Халыңды ұқтым көзіңнен.
Қара көліңе шомылдым,
Телегей терең сезіммен.
Мерейін елдің өсіріп,
Оқиын өлең көсіліп.
Ап кетем көңіл көзімен,
Қара көліңді көшіріп.