СƏЛЕМ САҒАН, ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ
Тағдыры да егіз ел,
Əн-жыры да егіз ел,
Телегей бір теңіз ел,
Терең ойлы сезім ел,
Сəлем, саған қырғыз ел!
Жақын тартып бар жырақ,
Ақ маңдайың жарқырап,
Ақтау саған ап келді,
Темір тұлпар арқырап.
Бабалардың жұрты əлі,
Өшпеген өр тұр тауы.
Тұлпар мініп ту алған,
Сəлем, Манас ұрпағы.
Дүниеге шыр еттің,
Ата аруағын жыр еттің.
Он орайды «Манасың»
«Одиссейін» гректің.
Туған талай жыршы, алып,
Қазақ-қырғыз жыршы анық.
Батырлары қазақтың,
«Манасыңда» жүр шауып.
Қай күйіңді шертемін,
Қай күйіңе елтемін?
Менікі де, сенікі,
«Ер Төстіктей» ертегің.
Елдігіңе сүйіндім,
Кеңдігіңе сүйіндім.
Құрманбек пен Қожашаш,
Ерлігіңе сиындым.
Басшы болған көшке ірі,
Егіз елдің қос пірі–
Заңғар ойлы Шыңғысқа–
Қос Мұхтары қазақтың
Ұстаз– бірі, дос– бірі.
Тірілдіріп кезді өшкен,
Шыңғыс– Мұхтар сөз кешкен.
Заңғар, заңғар ойлардың
Заңғарында кездескен.
Əрі қысқа, əрі ұзын,
Басқан талай бар ізің.
Ырысбек пен Тұрғанбай,
Рухыңа тағзым!
Жырдан кеңес құрғанда,
Жүйрік жетпес бұл маңда.
Иүсіп Мамай қартаймас,
Досыбай ақын тұрғанда.
Ұшар басын қар шалған,
Өнегесі бар салған
Ақтауыңа ұқсаттым,
Мəмет Мұса ағаны
Бізді өзі кеп қарсы алған.
Кеудесінде сыр-арман,
Тұнып жатса сұрай ма əн.
Екені рас Сүлеймен,
Жүзігі бар Сүлеймен.
Елеместей тау-шыңды,
Қайраты да бар сынды.
Сырайыл, Толқындар,
Табанынан таусылды.
Қырларыңа тағызым,
Сырларыңа тағызым.
Ғасыр айтса түк емес,
Ырларыңа тағызым!
Ұлдарыңмен бір ашық,
Жырласайын деп келдім.
Қыздарыңмен қыр асып,
Сырласайын деп келдім.
Əн-жырыңа балқыған
Күш берейін деп келдім.
Шабытыңа шалқыған,
Күш берейін деп келдім.
Гүлдеріңді аңқыған,
Иіскелейін деп келдім.
Аспаныңда қалқыған,
Құс болайын деп келдім.
Сырларыңа мол жатқан,
Келе сала толғатқам.
Сен ырласаң о жақтан,
Мен жырлайын бұ жақтан.