16.09.2022
  97


Автор: Тəпей Қайысханұлы

БЕРІЛУ

Қыран да ұшып озбаған,
Толқында тоны тозбаған,
Толағай ойын қозғаған,
Тыңдайтын ұйып боздалаң–
Қасиетті менің əуенім,
Таба алмай сені əуремін.
Боз інген əуен– боздаған,
Боз торғай жырым қоздаған.
Боз жусаныңды искелеп,
Келіп тұр тағы боз балаң.
Қосылып бір сəт кетейін,
Қосылмай саған не етейін.
Арыдан тартып айта алған,
Жаныңды шексіз байыталған,
Тəңірімдей келіп табындым,
Тастарда қалған тай таңбам.
Сөйлеші сəтке тіл бітіп,
Құпияңды, жаным, тұр күтіп.
Егейін, елін өсірген,
Кеудеме əкеп жыр күші,
Көркіңмен сені көшірген,
Қойныңда өріп ойым жүр,
Ойымды əбден тойындыр.
Қайтарған жаудың дөй бетін,
Жасындай түсіп кейде оның.
Жырларым менің зейнетім,
Жырларым менің бейнетім.
Түйе жеген долана,
Лақтырдым, міне, додаңа.
Жанымда қалың шуыл бар,
Шуылды менен қуыңдар,
Бір уақ мен де сергиін,
Жаңбыр суымен жуыңдар,
Жабысып тұлпар жалымен,
Жырым да менің суылдар,
Еліңді жырмен бастаған,
Махаммбет тұтқан туым бар.
Туым бар биік ұстаған,
Беретін дайым күш маған.
Əулие жырға сиынған,
Ұшып бір кетсін құс далам.
Құс даламенен бірге ұшып,
Жатсын бір жанын нұр құшып.
«Ереріл атқа ер салам,
Еңкуде-еңку жер шалам»,
Емірене күліп ер далам,
Бар шабытыңды бер маған,
Кеудеме сиған əз басың,
Жыр болып қайта маздасын.





Пікір жазу