ҚОҢЫР АДЫР
Іңгалаған кезімнен,
Іңкəрлығым сезінген.
Қоңыр адыр емізген,
Қоңыр қозың едім мен.
Қоңыр бесік ішінде,
Қоңыр самал сипаған.
Қоңыр əлди үшін бе,
Қоңыр мінез силаған.
Қобы-қобы қобыдан,
Жатқан түтін тік ұшып,
Қоңыр аңын қорыған,
Тимесін деп тіл-ұшық,
Қоңыр қазы қаңқылдап,
Айна көлін айналар. 87
Қоңыр желі аңқылдап,
Қоңыр сазды аймалар.
Қоңыр тасың бой жылытар,
Күнге күйген ып-ыстық.
Қорықтығын қойшылар,
Құйып ішер ыдыс қып.
Сетер көңіл серіктес,
Жырға толған күн-айың.
Жемтік іздеп желікпес,
Құзғының мен құмайың.
Ілбісін де ілмейтін,
Сайда қалса саяғың.
Шағуды да білмейтін,
Жыланың мен шаяның.
Қоңыр-қоңыр адырым,
Қоңырлығың жаққан-ау.
Қоңыр-қоңыр ауылым,
Қоңырлатып жатты анау.
Қоңыр ауыл көңілін,
Қоңыр адыр теңдеген.
Қоңыр əуен, қоңыр үн,
Қоңыр жерді тербеген.
Қоңыр кеңес үй іші,
Кеуілдеген кеудеден.
Қоңыр қидың иісі,
Қоңыр үйді кернеген.
Қоңырлыққа бойсынған,
Қоңыр өмір жақтадым.
Қоңырайған қойшыдан,
88 Қоңыр өлең жаттадым.
Құс қанатын талдырып,
Сан құбылған сағымы.
Үзілмейтін таңға ұзын,
Қисалардың сарыны.
Батыратын ой-мұңға,
Ертегісі, аңызы.
Қоңыр адыр қойныңда,
Батырлардың бар ізі.
Ойға батқам көп ауыр,
Тарихыңды оқып ап.
Бабалардың қоп-қоңыр,
Қаны сіңген топырақ.
Бойыңа бір жағымды,
Тарағандай жылы ағын.
Тербететін жанымды,
Қоңыр-қоңыр жыр-əнің.
Қоңыр тайға мінгізіп,
Нұсқадың-ау, жырақты.
Бала ғұмыр бір қызық,
Аяқтаған сияқты.
Көкірегімде мұңлы ырғақ,
(Жыр-күйіңді төге бер.)
Қалды артымда бұлдырап,
Қоңыр-қоңыр төбелер.
Содан бері зымырап,
Қаншалаған жыл өтті?
Сол қоңыр үн, жылы ырғақ,
Тербетеді жүректі.
Қайтқан шығар көп көңіл,
Сұмдықтарды көз көріп.
Мінезім де қоп-қоңыр,
Бара жатыр өзгеріп.
Тұрам ылғи аңырап,
(Түсін, ия, түсінбе,)
Саған қарап маңырап,
Жүгіремін түсімде.
Қоңыр қазың едім мен,
Көлің қалды-ау, қаңырап.
Қоңыр қозың едім мен,
Көңілім жу маңырап.
Сен қалайсың бұл күні?
Мен қалаймын бұл күні?
Айтысуға үлгермей,
Бірігерміз бір күні.