16.09.2022
  157


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚЫЗЫЛ ІҢІР

Қызуда, қызу, қызу қыр,
Қызыл іңірде қызыл нұр
Қызыл нұрменен жарысып,
Қып-қызыл жалын қызың жүр.
Қызыл іңірден ой алған,
Қыз сезімі де оянған.
Қыз өңіндей-ақ, қыбыла
Қызыл бояуға боялған.
Қызыл іңірде қыз рең,
Қыз аңдушы едік бір үнем.
Шашатын дайым оның да,
Қып-қызыл ұшқын жүзінен.
Қызыл шапанды жамылып,
Жүрек түбінен жарылып.
Өбісуші едік, əйтеуір,
Ес-түсімізден жаңылып.
Үй жақтан шыққан кенет үн,
Күнəңді қуып кететін.
Қызыл көз шалдың таяғы,
Тықылдап таяу келетін.
Сезімге онда мас күнім,
Бірақ та қазір басқа үнім.
Қызыл іңірде қыз аңдып,
Ояу жүр əлі жастығым.
Қызыл іңірде көркемдеп,
Қызыл көйлегі көлбеңдеп. 
Қылмың ете қап өтеді,
Қылпымызды қыз көрген боп.
Қызыл көз шал да қырағы,
(Ол да бір кездің қыраны).
Қып-қызыл піскен алмасын,
Біздерге қалай қияды.
Қызыл көз шалдың асына,
От қалап ол да асыға
Үлгере қимыл жасайды,
Жетуге менің қасыма.
От шашып қызып жанары,
Өртенсе сезім жамалы
Қызыл іңірдің шапағы,
Қызыл шапанын жабады.





Пікір жазу