16.09.2022
  133


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖУСАН ИІСІ

Құштарлығын далама төккен бе өмір?
Тыншытпады жанымды көптен көңіл.
Құшырлана иіскейін боз жусанын,
Алыс кетіп зарыға жеткенде бір.
Бала кездің іздері– бəрі асыл əн,
Тебуші едім сырғанақ (дəл осы маң).
Бөрте жусан иісі мұрын жарып,
Бұрқырайтын сары күртік қар астынан.
Құдіретін болсамшы бұрын ұққан,
Кездерім жоқ сол сəтті бір ұмытқан.
Иісі аңқып тұрады маған əлі,
Сонда, бəлкім, жап-жасыл нілі жұққан.
Иісіне сергиді-ау, шіркін, адам,
Тұмауратсам иіскеп емін табам.
Сіңірейін деп тұрмын сол жусанның,
Өлеңіме иісін бұрқыраған.





Пікір жазу