16.09.2022
  99


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖУЖАЙГУ ƏСЕРІ

Бұлт қада орап мойнына,
Тауларың көкке тиіп тұр.
Шуағын төгіп қойныңа,
Күн– ана келіп сүйіп тұр.
Сарқырамалар сан құлаш
Кеудеңнен бері құлаған.
Сайрайды келіп сандуғаш,
Миллион əуен құраған.
Шыңдарың анау аумайтын,
Қодастың найза мүйізі.
Ерлікке дайым баулайтын,
Дүлей бір күштің тұр ізі.
Батыр заңзулар кешегі,
Тауыңда қалай сүрді өмір?
Жұмбағын кімдер шешеді,
Аңызға толған сырлы өңір.
Қанатыңды еркін жайдың да,
Ұштың-ау, еркін жыр– кептер.
Тізіліп жатыр алдымда,
Түсімде көрмес суреттер.
Нуларың сырлы сыңсиды,
Ішінде мың құс сайраған.
Сайрап тұр еркін сол құстай,
Ян фың қыз анау жайнаған.
Көздері күндей жанып тұр,
Үні бар бұлбұл үніндей.
Қанатын баяу жайып бір,
Ұшып бара ма білінбей.
Қанатына оның отырып,
Аралап кеттік орманды.
Үнсіз бір өлең оқылып,
Үнсіз бір ойлар толғанды.
Қарайды көлің мөлдіреп,
Заңзу қызының көзіндей.
Қараймын мен де елжіреп,
Бір бейне көріп өзімдей.
Судағы сағым нұр менен,
Балықтар шоршып ойнайды.
Сұлулыққа еріп тұр денем,
Ойларым терең бойлайды.
Ұйып тұр тіпті, айран күн,
Үніне құстың жырлаған.
Адамдарыңнан айналдым,
Бір тал шөбіңді жұлмаған. 
Себелеп құяр сезімдер,
Не деген сұлу мекенсің.
Тіріде еркін сейілдер,
Жужайгу, ұжымақ екенсің.
Сөзі мен көзі бірге ойнап,
Тұтқын қып алды-ау, мына қыз.
Ғашық болғандай мен бейбақ,
Сөз айта алмаймын бір ауыз.
Жаңғыртып аба шың-құзын,
Заңзу əнін бір салғым бар.
Шяңзудың ертіп бір қызын,
Орманыңда ұйықтап қалғым бар.
Табылатындай керегім,
Телміре берем шоқ гүлге.
Қайтадан түсіп келемін,
Көркіңе тойым жоқ мүлде.
Тұлпардай жүрек қызулы,
Тыпыршып тұрған кермеде.
Көркімен қосып қызыңды,
Көшіріп келем кеудеме.
Автобус ала жөнелді,
Уақыт құрғыр тоссын ба?
Болсада басқа жол енді,
Көтерілді ойдан дос тұлға.
Əн салшы ян фың тағы да,
Үніңе тəтті қанайын.
Тоқташы, шофер, тауыңа,
Тағы бір қарап алайын.





Пікір жазу