АКПАР АҒА
Жұлым-жұлым тікен жырған балағы,
Жоқ іздеген жолаушыдай баяғы
Жалайырдың жалаң төс бір батыры,
Жалғыз аяқ жол сап кетіп барады.
Жалайыр ма, жалайыр тек бабасы,
Жалпақ жұрттың бар ол жайлы бағасы.
Бір атаның баласы емес, ол қазір,
Адамзаттың сияқты екен баласы.
Бабасынан артып туған шығар-ау,
Даласына тартып туған шығар-ау.
Ана жұрттың ақтау үшін борышын,
Астанада əбігер боп жүр анау.
Бермесе де Бейбарыстай сұлтандық,
Талғамынан танытады сұңқарлық.
Шертіп қалсаң шежірелі домбыра,
Ашып қалсаң ақтарылған сыр сандық.
Күллі ғұмыр бір-ақ сиып жатқандай,
Ат шаптырым берген анау ақ маңдай.
Көз əйнегі– көкжиек пе білмейсің,
Көз шарасы таң күліп бір атқандай.
Аңшылардай қан сонарға аттанған,
Ақша қарға түскен іздей жатты арман.
Тарау-тарау аударылып тарих,
Талай-талай тағылымдар жатталған.
Ой-қиялы қадимдарға қаңғырған,
Хан əрпіне қаламы шөл қандырған.
Төбе-төбе кітаптарды төңкеріп,
Төбе-төбе естеліктер қалтырған.
Өмір-өмір бар өнерді үйреткен,
Өткізбейді ол дыр-ду қуып күнде еппен.
Жошымен бір жортып қыпшақ даласын,
Құлан аулап, кетбұға боп күй шерткен.
Құландардан үйір-үйір шаң қалған,
Нажағай да шатырлап сəл шамданған.
Көшпенділер көш ізіне түсіп ап,
Анау, Мекке, Бағдат, Мысыр, шам барған.
Өнерге рас жоқ екен-ау, төте жол,
Нар жігіттер нардың жүгін көтерер.
Пайғамбардың жазып баян– кітабін,
Үмбетіндік парызын да өтеді ол.
Шертіп алар маңдайынан қай қыздың,
Тартып кетті нар жігітті қай тізгін.
Ғашықтық ол құлай сүйген жүрекпен,
Аққу пішін, ару қызы байзудың.
Қыран құстай тауып қонған биігін,
Білген сайын місе тұтпай білімін.
Белгісіздеу тарихыңды ашуға,
Бекініп жүр Бейжіңде бір ұлың.
Қырға шығып, қымыз ішіп, тыныстап,
Қайтатын да мұршасы жоқ дұрыстап.
Қазақ емес, қанша ма ұлттың бір өзі,
Келе жатыр өнер туын тік ұстап.
Еріп кеткен ерке– сезім елеске,
Есіл жұртым мынауың кім демес пе?
Ол кəдімгі Мажит шалдың баласы
Қарапайым Акпар аға емес пе!