16.09.2022
  231


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЕГІЗІМ

Аяқтамас тойдайын,
Қызығыңа тоймайым.
Егіз екі жүректен,
Егіз ұшқан торғайым.
Егіз екі– егейім,
Ертегі айтып берейін.
Ертектегі ерлерше,
Елдің өсір мерейін.
Егіз– екі қанатым,
салтанатым, санатым.
бағым сендер жанатын,
Əнім сендер салатын.
күнді əкеліп берейін,
Айды əкеліп берейін.
Аспандағы жұлдызды,
Сендер үшін терейін.
Ақжол тілеп бəрінен,
Аңсаған бір əнім ең.
Егіз– екі қозым-ай,
Жамыраған жанымен.
Бір Алладан сұраған,
Күндей күліп жүр анаң.
Егіз– екі жүректен,
Егіз əуен құраған.
Ақжолым мен аңсаған,
сендер үшін əн салам.
Таңдарымды тамаша,
Тəтті үніңмен қарсы алам.
Қос періштем- қондырған,
қуанышқа толтырған.
Қолымдағы екеуің,
Қос ішекті домбырам.
Қуанышым– құс балам,
Биіктерге ұш балам!
Екеулесең егей бір,
Дарытады күш маған.
Өлеңдейсің шуақты,
Көрем дейсің жырақты.
Егіз ұйқас жырымның,
Екі жолы сияқты.
Қос жанарым– шырағым,
Қос бұтағым– шынарым.
Жете алмаған биікке,
Сендерменен шығамын. 
Шаршағанда қуатым,
Шөлдегенде суатым.
Мұқалмасын тұяғың,
Менің егіз мұратым.





Пікір жазу