ЕКІ БИІК
Шаруаңыз шалдықсаң да бір бітпеген,
Не деген қиын едің тірлік деген.
Шалқып бір отыратын шақтарың аз,
Барады-ау, шабыт құсың үркіп менен.
Десең де тұрмыста бір молығайын,
Əйтеуір, келмейді екен жол– ыңғайың.
Он істі тындырсаң да тыным алмай,
Төсекке бір құлайды он уайым.
Жалындар жас баладай əр неге асық,
Ақ толқын– ақын деген ауыр кəсіп.
Сүйресе тұрмыс былай, сен жүресің
Жаяу Мұса секілді əнге басып.
Жақсы екен «жай адам» боп жүрген деген,
Жақсы екен «жай адам» боп күлген деген.
Мені бір ұйықтатпайды осы күні,
Беймəлім өрт-алауға күйген денем.
«Сарайда» отырғанмен сəні бөлек,
Көрген жоқ рахатқа əлі бөлеп.
Қарыздың «қара тауы» желкемде тұр,
Оны да көтеретін əлің керек.
Жүргенде жөңкілгелі тасқын болып,
Қу тірлік қара бұлттай бастың келіп.
Ұша алмай торғай– сезім жаттың білем,
Тұрмыстың тұяғының астында өліп.
Басында қам-харекет, аз уайым,
Жастықтың бебеулесе сазы дайым.
Құлазып қайран көңіл қара қостай,
Желіндей қарашаның азынаймын.
Елестеп кешулерім түс сияқты,
Жаныммен сезінемін ішкі ұятты.
Балконда отырап ап, шылым сорам,
Қапасқа қамалған бір құс сияқты.
Баяғы қайда кетті тасқын өлең,
Бір киік оқ дарытпай қашты менен.
Сандалтып сағым құрғыр жол ортада,
Ентігіп бір белеңнен астым əрең.
Салдырмас мені ешқашан қаяу-мұңға,
Осы үйде бар үш балам, аяулым да.
Бинаға өрлесем-ақ, көңіл құрғыр,
Тартады тау көрінсе таяу маңда.
Тартады жаным неге далаға құр,
Айтатын қайсының бар маған ақыл?!
Биік тау, биік бина көз алдымда,
Мені əлден діңкелетіп бара жатыр...