16.09.2022
  105


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АҚ СƏУЛЕ

Ең алғашқы оттың ұшқынынан ба?
Жоқ əлде, нажағай жарқылы ма
Күшті мұнан да?
Бір ақ сəуле дірілдейді
«Нұр ма» əлде жазылған «Ұшбу, құранда»?!
Тұлпарлар тұяғынан ұшқан ұшқын ба əлде,
Өтетін тасырлатып жалғаннан?
Батырлар қылышының жарқылы ма əлде,
Шашырап жиналған?
Бір сəуле мəңгілік сөнбейді,
Эфос сəулесі ме ғасырлар жырланған.
Қараңғы біткенмен тынбай күрескен,
Түскен жеріне құлпыра гүл өскен.
Бір ақ сəуле жетелеп келеді,
Тірлікпен мəңгілік тілдескен. 
Бұлыңғыр тарих алдымда тұр ма екен,
Шақтарың аз екен шуақты нұр өпкен.
Бəрін де жетелеп ақ сəуле,
Алып шығыпты-ау, дүлей бір түнектен.
Ұшырасада қараңғылықтың қамауына,
Сөнбей жараған адамзат қалауына.
Бір ақ сəуле жарқырайды,
Прометей отының алауы ма?!
Күн дейміз əлемнің шырағы,
Күнмен де ашылмас идея шырайы.
Қай сəуле бағдарын нұсқаған?
Адамзат осыған əліге шүбəлі.
Оянған анау үздігіп таңнан,
Күн кірпігінен үзіліп, тамған,
Бір ақ сəуле жамырайды,
Сияқты бейне ізгі үміт, арман.
Саған қарсы бір ғажайып өнген,
Сайтан сəулелер азайып өлген.
Соншама қою қараңғы түнді,
Қылдай ақ сəуле қақ жарып бөлген.
Сан сəулелер аспаннан құлаған,
Бір жойқын жарықты шығар-ау, құраған.
Тас түнек түндерде жол тауып жүре алған,
Киелі бір сəуле нұсқаған бұл адам.
Көз жазып сəуледен тəңірі ұсынған,
Адамдар əр едік сайтан өтімен ұшынған.
Аспаннан, жерден де іздеме,
Ақ сəуле табылар көкірек тұсыңнан.





Пікір жазу