16.09.2022
  137


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚҰРАЛАЙДЫҢ САЛҚЫНЫ

Күн бұлттанып келе ме, қарағым-ау,
Көзім алды түп-түгел қара қылау.
Желбегейлеу шығып ем пəтерімнен,
Суық тиіп ауырып қаламын-ау.
Түгете алмас қиялмен аралап та,
Мұнар − шағи жауыпты бар алапқа.
Кейде бей-жай ширығып жатып-жатып,
Кете барам осылай дала жаққа.
Тыныштықты бəрі де қалады ма?
 Дала жақтың түсіңкі қабағы да.
Шыбын-шіркей, құрт-қоңыз, жəндік біткен,
Бой тасалап алыпты қара мына.
Бидайық ши төмен сап үкі басын,
Тыныштыққа аударған ықыласын.
Біткен ғалам тəңірге жалбарынып,
Жуғысы бар сияқты мың кінəсін.
Жүрегімнің естіліп діріл-лебі,
Қайталайды күбірлеп тілім нені?!
Осы екен-ау, тып-тыныш жер үстінде,
Өз салмағым өзіме білінгені.
Бір дүние алдында бар-ау, ғашық,
Қарашығын телміре қадауға асық.
Ламадай-ақ мүритін сипап өткен,
Жер кеудесін келемін баяу басып.
Аясын ба, оңаша күйіңді ізгі,
Тыныштықты кенет бір құйын бұзды.
Топырағын сыпырып ескі жолдың,
Өшірді шимай-шимай бұрынғы ізді.
Кетпейміз-ау, жан барын жиі біліп,
Топырақтар қозғалды жымы жібіп.
Менің шыбын жанымдай ши басында,
Өрмекшінің торлары жүр ілініп.
Сілкінгендей жыр құсым тұғырдағы,
Көкіректе тұратын нұр,
Бұлт бүркеп ілезде аспан жақты,
Ал, бетіме бір салқын дым ұрады.
Содан соң-ақ құйынның қалды да əні,
Торғай бастап аспаннан қар құлады.
Кеберсіген еріндей кебік дала,
Ақ сусынға еркін бір қанды бəлі.
Сонау биік мұнартқан дара шыңда,
Лақтаған еліктер, нанасың ба?−
Дəл осындай қар жауар салқын түсіп,
Шілде менен тамыздың арасында.
Самайымнан қар еріп ақты ма ерек,
Өн-бойымды ақ толқын жатты бөлеп.
Пəтеріме қайттым мен қар омбылап,
Түсіп жатыр ізіме ақ көбелек.
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған
Басталған миқанатың қаз-қазыңнан,
Адам-ай, терің сенің аз ба ағызған.
Сонда да еркін тірлік құра алмаған,
Дүние −бір қисық жол бұраңдаған.
Жақпаған ойың оған, ісің бұған,
Сондықтан сыртың сырғақ, ішің бұлаң.
Досың да уəдесінде тұра алмаған,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Сұм өмір жақсы ісіңе сүйінген бе?
Білемін сүйемесін сүрінгенде.
Жүзін бір жарқын күліп бұра алмаған
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Жеңілтіп тастайын деп бір жүгінен,
Ханыңа, қараңада зыр жүгірем.
Соларың «ақымақ» деп тұр-ау, маған,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Буылтақ, бұлтағы көп жаздыратын,
Сол білем пендені де аздыратын.
Ор қызыл түлкідейін бұлаңдаған,
Дүние− бір қисық жол бұраңдаған. 
Таусылмай жыра-жықпыл, қыр− айналаң,
Шіркін-ай, шыбын жаның шыр айналған.
Баяғы бұраң қалпы тұр аумаған,
Дүние− бір қисық жол бұраңдаған.
Кім білсін жол тосарын, жол ашарын,
Ұлиды бөрі менен бөрібасарың .
Үрей− тер өн-бойыңды бұлаулаған,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Кете алмай жатқанда ойды сірə да ұғып,
Жылтырар тағы алыстан шырақ− үміт.
Жетем деп ұмсынасың бұғанда аман,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Тере алмай жүргенде өзің тиын-жармақ,
Түлкілер тімтінеді тілін жалап.
Жыландай иіріліп құр алдаған,
Дүние− бір қисық жол бұраңдаған.
Бір белес əрең-əрең сен асқанда,
Боласың таяғандай сері аспанға.
Ұзарып жатар, бірақ, бұдан да арман,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Болғанша бір арманға қол жеткізіп,
Аласың қанша жасты жолда өткізіп.
Тырна− күн бара жатыр тыраулаған,
Дүние − бір қисық жол бұраңдаған.
Көп адам кейде іздесе із нобайын,
Табады тек біреуі ізгі орайын.
Соңынан сосын бəрі шұбырады,
Жеткендей сара жолға
шұғылалы.
Оңай күш, бұл көшті де бұра алмаған,
Дүние– бір қисық жол бұраңдаған.





Пікір жазу