16.09.2022
  109


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

И-ға

І
Адалдығын айғақтар жауған ақ қар,
Ақша жүзің албырап таңды адақтар.
Орыс қызы, Ирина, кел екеуміз
Сыр есейік арайлы таңға мақпал.
Теңіздейін тулайды жиі асау қан,
Тарпаң мінез жігіт ем күйі асаудан.
Құдіретін қарашы Жаратқанның
Көктің нұрын көзіңе құя салған.
Көз нұрыңмен арбайсың сүзіліп бір,
Қызығып бір қараймын, бұзылып бір.
Кірпігіңді қағасың, қағып қалсаң
Көк жүзінен түсердей үзіліп гүл.
Кездесудің кейимін кештігіне,
Бақыт жырын сыйдырдым бес күніңе.
Бала күнгі қиялдың тұнбасындай
Ертегі боп сіңерсің ес түбіне.
Сендік сұлу мүсіннің шегі бар ма?
Жаза көрсін жүректің емін Алла.
Тілейтінім Тәңірден бір-ақ амал
Сенде жүрек болсыншы мені ұғарға.
ІІ
Өсегіне қарамай қалың елдің,
Ирина қыз, сені іздеп тағы келдім.
Хабаршысы секілді жүрегіңнің
Сәл дір етті сезімнен ару ернің.
Жақын барсам кетер ме ең
енді үзіліп,
Жүрек тулап, тамырда сең бұзылып,
Періштеге заматта айналдың-ау
Күйді кешіп көрмеген пенде ұғынып.
Жаның, сірә, шуаққа тұр бөленіп,
Күннен еріп жаныма нұр боп еніп.
Жалқынданған жүзіңнің садағасы –
Бара жатты аспанда күн көнеріп.
Бірде тұрам кештім деп неге осыны,
Күн мен түннің секілді теңесуі.
Күллі әлемнің жарығы маған құлап
Ашылғандай жалғанның кең есігі.
Кеңістікте керім Ай – қас қиылып,
Жанарыңды жағалап жас тығылып.
Қарға аунаған түлкідей қылаң беріп
Белден төмен етекке қаштың үміт...
Қос иықта қара шаш қара түн боп,
Алтын айдар таң сүйді қанатын кеп.
Құдіретті немесе Тәңір Ием
«Періште қыз,
сен солай жаратыл» деп,
Үріп өзі ауызға сала салған,
Қара түгіл көзінің аласы арман.
Бешпетінің бедерлі түймелері
Ай жүзінен домалап тама салған.
Арнасын жеті өзеннің жалғап аққан,
Лебізі шекер сынды балға қатқан.
Аз ғана мызғып түнде көзін ашса
Еркелеп күн шығады таң қабақтан.
Тылсымның буы сынды түсін көріп,
Қайғы-мұң кете барды ішімде өліп.
Уыздай уылжыған әр мүшесі
Ғұмырда қайталанбас мүсін делік.
Бұл өзі судан емес, будан делік,
Жұмақтың хош иісі тұнған келіп.
Көнбейтін қайырымға, иірімге
Шарықтап кете берер
сырлы ән деп ұқ.
Періште құлар білем, пенде түгіл,
Көрсе егер ынтығады жер беті – бұл.
Жаһанда бір сұлулық болса егер де
Мейіздей меңі ғана келбетінің.
Тұрғандай әспеттеуі кем боп әлі,
Әлемде бұған келер тең жоқ әлі.
Пенденің қолы жетпес бұл кім десең
Ұшатын бақыт құсы ең жоғары.
Ирина...





Пікір жазу