16.09.2022
  128


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ҚОШТАСУ

Қимасам да қоштастым
«кете бер» деп,
Сүймегенге сүйгендер екен ермек.
Сендік мұң ғұмырымда енді қалған
Жыр кеудем жәукемдеуге
жете бермек.
Өмір сүрмей қазір біз күнелтеміз,
Қайбір соны кетті ұғып
тым ерке қыз.
Ақыл-ой жанға дауа болмайды екен
Жабықса жүрек дейтін жыр өлкеңіз.
Жатпаған соң лапылдап ішіңде жыр,
Құрып кеткір тірлікті қысыр де бұл.
Сені қайдам, ғашықтар мен білетін
Қол ұстасып сүреді түсінде өмір.
Ондай бейкүнәларға бақ бер, Құдай,
Сұм өмірді сүрмес ем әттең бұлай.
Сүйдіріп сабырыңды сарқа-сарқа
Ұстатпай кетеді екен сәттер құмай.
Ғибраттан биіктеу ғұмыры Арман,
Ынтық жүрек кеудемді бүріп алған.
Ақиқатқа жүгінсе, сөйлері анық
Ғашықтардың тілінде түбі жалған...
Ермек қып күлкіні бір, ұйқыны бір,
Осылай өтіп жатыр күйкі ғұмыр.
Сұрланған сан елесте бір жұбаныш –
Сендегі сұлулықтың сүйкімі жүр...





Пікір жазу