16.09.2022
152

ҚЫЗЫЛ ПАЛЬТО
Жоқ шығар сірә, таласы жаттың,
Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.
Риясыз реңің, талдырмаш бойың
Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр.
Қып-қызыл пальто қыз ғұмырдай ма,
Қыз көктем мынау сізді жырлай ма?
Үр жаңа, қызыл пальто киген қыз
Көміп кеткендей бізді бір жайға.
Қып-қызыл пальто, қыз көктем мынау,
Жүрегім, жаным, сызды өткердің-ау.
Сызылған қалқа, бейуақ мезгілде
Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау?!
Қып-қызыл пальто
Құмарым ба едің?
Қылықты қалқа жыр-әнім менің.
Басқа күндерден бақыттырақ-ау
Байыз таппаған мына күндерім.
Қып-қызыл пальто...
Көрімдік қайда,
Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма?
Көрімдігіңе жыр ұсынамын
Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма?..