16.09.2022
  101


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ҚАРАША

Көктем өтіп, күз келіп, күмілжідім,
Құйын, дауыл қараша құбылды күн.
Түйткілі көп тырбанған тірлігімнің
Тағдыр мыстан тілгілеп туырлығын.
Сұп-сұр аспан, қараша, сұрқы үрейлі,
Алқымнан ап долы жел сілкілейді.
Сықпытынан айрылған қара ағаштың
Қабағына қабарып мұң түнейді.
Жүрегіме менің де мұң жамалып,
Тажал тағдыр жанымды
тырнады анық.
Діңгегінен нық тұрған қарт еменді
Долы дауыл құлатпақ ырғап алып...
Шалқарымның мұз қатып ернеуіне,
Шараптайын жұтамын шерді еміне.
Басыма кеп бұлыңғыр мезет түнеп,
Батпан қайғы байланды белдеуіме.
Күңгірт тартқан күйім бұл базыналы,
Қарлы жаңбыр, қараша азынады.
Қараша өтсе беймәлім желтоқсанда
Пешенеме қай тағдыр жазылары...





Пікір жазу