16.09.2022
209

Көз алдымда ән елес, өлең қырат....
Көз алдымда ән елес, өлең қырат,
Естіп-біліп болмайтын керең құлақ.
Адамзат тұр — тұлғасы таудан биік
Топырақтан өлгесін төмен, бірақ...
Ақиқатты дүмшедей шала біліп,
Өз ісінен жанына нала жұғып,
Адамзат тұр табаны топырақта
Жер-анасын қасірет алаңы қып...
Кем-кетікке күйініп, алаңдап бір,
Ақыл-ардың иесі Адамзат тұр...
Кезі келсе биік ол періштеден
Кейде айуан —
Маңайын арамдап құр.
Жер-бесікте жайымен тербетіліп,
Жата алмайды-ау алаңсыз
пенде күліп.
Алты құрлық мекені аз болғандай
Аспан жайлы айтады жерде тұрып...
Көкейімде ән елес, өлең қырат,
Жан түбіне кетіпті терең құлап.
Адамзат тұр — тұлғасы таудан биік
Топырақтан өлгесін төмен, бірақ...