16.09.2022
  99


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Қаперімнен тамызып қара түнге ес....

Қаперімнен тамызып қара түнге ес,
Ақылымның аңдадым ағатын кеш.
Қас қағымның қалдырып
жылдамдығын
Қара өлеңім, қайғының
қанатын кес.
Өнердегі қайтейін ақымды бұл?!
Сатулы нұр, көрмедім
сатулы жыр...
Адамзатқа айтарға демесеңіз
Азап ғұмыр екен ғой
ақын ғұмыр.
Өзімді емес,
Өксіген өмірді айттым.
Келмегесін қалқамды қоңырайтқым.
Мені қойшы...
Шалынып тірлігіне
Жан сақтаған қалың ел,
сені қайттім?!
Аласұрған күйіндей айтары аңыз,
Жыр кеулесе ындынды
жай табамыз.
Борышты боп біз солай өмір сүріп,
Әр жүректің түбінен байқаламыз.
Жаным сыздар жорысам
пенде түсін...
Сорлағаның, қара өлең,
сен де құсым!
Екеуміздің еншіміз егіз тағдыр
Мұң бар сосын жаралған
жер беті үшін.





Пікір жазу