16.09.2022
  87


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Үзілген көктен жұлдызбын...

Үзілген көктен жұлдызбын,
Жүрегі күлді жыр қыздың.
Көгілдір көктен зауласам
Көре алған дейсің күндіз кім?
Көгілдір көктем – қыз бейнең.
Жүрегім менің түздей кең.
Сұрланған сұрқай тірліктен —
Кеудемді қауып күздей дем.
Есіркеп болды ез үміт,
Сағыздай іріп, созылып.
Бес күндік мынау фәниден
Баз кешіп барам безініп.
Сабылып жүрмін сор қайнап,
Күйкі бір іске қол байлап.
Және бір күнім құлады
Көк шолақ атын борбайлап.
Алланың сөзі әуелгі,
Кеудеме қонған өлең-ді.
Қызарған күнге қош айтып
Жырға арттым жалғыз дәмемді.





Пікір жазу