Сәулелерден сығымдап сөз қашадым....
Сәулелерден сығымдап сөз қашадым,
Дәурен өрген жанымда өзгеше арын.
Өлең кие көшеді өр-ылдида
Күміс нұрға қалқыған кезбе сағым.
Жүрегіме құлаған күз, жапырақ,
Басқалары санай ма бізді ақымақ?!
Адамзаттың алдына түсер ме едім
Тылсым ұшқан осынау
түзді оқып ап.
Дүркіреген дүние пендеге оңай,
Маған ауыр сезілді... елге қалай?
Шеңберінде қап қойған
шерлі адамзат
Шыр айнала бергенде жер домалай...
Жаным — көктен,
ал, тәнім — қара жерден.
Сауық құрдым сезгелі сана безбен:
Адамдардың ішінде ақын өліп,
Пенделердің ішінде адам өлген...
Түйсінем де түршігіп сезем анық,
Өзім емес, жанымның өзегі арып.
Іргесіне тірліктің ілініп ап
Ілгерілеп кетпейсің не жоғалып...
Тұманына туысқан тірлігі бек,
Талайларды көрдім мен
құлдығы жоқ.
Тас төбеңе түйіліп тұрып алған
Бір құдірет сөнбейді, бір құдірет...