16.09.2022
  114


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

НАЗ

Түсіне алмай жүргендей
ешкімді ешкім...
Сен өмірге даусыңмен кескін кестің.
Мені өлең қып көлкітіп жыр Тәңірі
Тастай салды ішіне бес күн көштің.
Қанатынан әуеннің сен үзілдің,
Құдіреті иектеп мені жырдың.
Басқа – басқа, білгенім әуен мен жыр
Сыңарындай мен үшін егізімнің.
Тұманытып көз алдым және тұрам,
Көңілімнің сөккенде көк етін ән.
Кеңістіктің бос жерін сығымдаған
Қарыздай-ақ даусыңа боп отырам.
Жыларыңды, білмейсің күлеріңді,
Армандай қып көрсеткен бұл өмірді
Аманаты Алланың – өнер кие
Жанитын да қаритын жігеріңді.
Өзіңдей ұқ...
Жан байып, қуанарға.
Сезім кейіп көз жасым тұнады Арға.
Қоңыр үнің қаңқ етсе қара өлеңнен
Үкі тағып жібердім жұбанарға...





Пікір жазу