15.09.2022
276
Сен кеткелі...
Бұл әлем қап-қара тас түнек,
Қара бақ, қара жер, қара құм.
Әлем — от, жүрегім мұп-мұздай,
Сұп-суық оттарға жанатын.
Сендегі әлемге барар ем,
Жаралы жаным да, қанатым.
Отырмын жалғыздық жамылып,
Жетімдік сездірген қара түн.
Бұл әлем қара мұң...
Бұл әлем қараша күз ғана,
Жапырақ жүрегім сарғайды.
Күтеді жап-жасыл бақтарды,
Көктемге ұмтылған тал қайғы.
Даланың әжімі көбейіп,
Ағаштар жөтеліп қартайды.
Бұлттардан күн нұры көрініп,
Тығылып тағы да алдайды.
Бәрі де сарғайды...
Сендегі көктемгі аймақтан,
Кей кезде ән салып құс өтер.
Сенемін, жапырақ жайқалып,
Көктем кеп, бұл маңнан күз өтер.
Бұл бақты аралап сарғайған,
Мүлдем бір бейтаныс қыз өтер.
Бұл маңнан көктемге кетсем де,
Жүрегім бұл күзді күзетер.
Мәңгілік күзетер...