15.09.2022
170
Кеткім келеді алыстарға...
Кеткім келеді алыстарға...
Қайда барам?
Мылқау әуен сыр шертеді айдаладан.
Сезім — малай, тән билікте жерідім мен,
Кеш, жер ана қоныстанған Айға балаң.
Тас түнекке күрең сыйлап ақ басты мұң,
Маған емес, жаны жазға жақтасты күн.
Мен секілді мұң тұтатқан жұлдыздарды,
Санай алмай сандырақтап алжасты түн.
Жетім сезім хат ала алмай сырласынан,
Жұлдыз ақты қараңғы аспан сырғасынан.
Ай басынан аппақ сәуле төгілгенде,
Сені ойлап өлең өргем әр шашынан.
Түн тағына жайғасты кеп мұң патшасы,
Сол бір күзгі сол бір қыздың жұмбақ жасы.
Сағынышы сыймай жүрген жер мен көкке,
Мен және Ай.
Шам.
Орындық.
Түн бақшасы.
Кірпігіне шуақ сіңген жұлдыздай мұң,
Жанарыңда мекендеген сансыз қайғым.
Жүрегімде өмір сүрер аппақ сезім,
Сәулесінен жаралғандай жалғыз Айдың.