15.09.2022
  119


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Өзіңдей өмір...

Жапырақ болсамшы жап-жасыл,
Дегенмен, қараша келеді.
Аспаннан бір тамшы күтемін,
Қаңсырап көңілдің шелегі.
Жүректі қайтеміз жылатып,
Онсыз да семеді...
Мұңсыз да өледі...
Күн болсам қызарған шығыста,
Батысқа түзеген бағытын.
Шерлесер күз жайлы жан бар ма?
Менімен мұңдасар тағы кім?
Адамзат шаршатқан уақытты,
Көп екен шашында ағы тым...
Бүгінде шаршайды, себебі
Тағы түн...
Жан қалқам,
күн қақтап, күз сүйген,
Қоп-қоңыр шашыңды сүйсемші!
Түннен де жалықтық...
Күннің де нұрына сіңейік,
Жүрсеңші!
Онсызда мұңайып жүрміз ғой...
Бақытты көрейін,
Күлсеңші!
Күлкіңдей жалғандау өмірді білсемші...
Қарауылдап мәңгі мұңыңды,
Көзіңде қалғанмын...
Кеудемде...


Жанардан жас ақпас,
Менікі әшейін жалған мұң.
Көзіңді нұрымен шайған күн,
Кірпігіңді мұңға малған түн.
Көзіңдей мөп-мөлдір өмірге алдандым...
Бақытқа несіне кешіктің?
Несіне асықтың?
Алматы...
О шеті, бұ шеті,
Арамыз қашық тым.
Жүзіңді түнімен сағынған,
Сүйеді сезімін шашып Күн.
Жүзіңдей әдемі өмірге ғашықпын...
Гүл емес, мен саған сап-сары
Жапырақ сыйлаймын, алсаңшы!
Жүректің терезесі ескі...
Жарық бар...
Үйіңде қалсаңшы...
Жеккөрем дейсің-ау,
Көзің де басқаша сөйлейді
Ал, тамшы!
Сөзіңдей өтірік өмір де алдамшы...
Асппаннан сығалап Күн көзі,
Ашылып қара түн етегі.
Пойыздар, ұшақтар темір ғой,
Сен жаққа құстар тек жетеді.
Сен сүйген құстардың барлығы,
Мен сүйген аспаннан өтеді...
Сен менен кеткендей,
Өмір де кетеді...
Бір күні...





Пікір жазу