15.09.2022
  102


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Азалы аспан

Қай баққа ұштың?
Қай көкке?
Аспаным бұлтты...
жерім сыз...
Жыласаң еді жассыз-ақ,
Ғашық болсамшы сезімсіз.
Мұңаяйықшы мұңсыз-ақ,
Сүйісейікші ерінсіз...
Ағарған Айдың шашынан,
Өреміз мұңды кейде біз.
Үзіліп жұлдыз түймесі,
Аспаным қара жейдесіз.
Қарайыншы көзсіз-ақ,
Құшақтайыншы кеудесіз...
Ұялып мені іздейсің,
Шығыстан қарап шапақ қыз.
Бір бұрышында жаныңның,
Сезімдер тоңған қабат мұз...
Билейік көкте әнсіз-ақ,
Ұшайық бірге қанатсыз...
Терезесінен аспанның,
Тамшылап тағы тамамыз.
Қоп-қоңыр шашын жел өпкен,
Ұқсайды саған дала, күз.
Ғашықпыз біздер тәнсіз-ақ,
Сағынып жүрміз санасыз...


Жапырағына жанымның,
Тиіспе мүлдем, үзбе де.
Тастардың сараң сезімі,
Керек-ау осы бізге де.
Сағыну үшін көктемді,
Оралу керек күзге де...
Сезім мен мұңның тұтқыны —
Ғашықтар мәңгі жазалы.
Жырлайды жанын күз ақын,
Жапырақ хатта ғазалы.
Айналған бұлтқа кеудесі,
Аспан да біздей азалы.





Пікір жазу