15.09.2022
  127


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Сен жайлы соңғы өлең

Бәрі бітті...
Жылама, жыламаспын менде енді,
Мен келмеймін сол баққа, сен де сәулем келме енді.
Сұрқай күздің жөтелі үрледі ғой сезімді,
Өшті, сөнді, қайтейін, жаға алмаспыз сөнгенді.
Қос жапырақ қайыңда бірі үзілді, қимадым,
Қиналмаспын, дегенмен сен өзіңді қинадың.
Жер жаһанға, ғаламға махаббатым айқара,
Бірақ, қалқам, сен ғана құшағыма сыймадың.
Күпісінде былғары өзге жанға кетерсің,
Күзден көштің көктемге мизам көктей екенсің.
Мінезімді мезгілдей түсінбепсің, ұқпапсың,
Сүйсең дағы қаншалық, соншалықты бөтенсің.
Неше гүлдер солды екен, тамшылады неше тер?
Биік өкшеңе тапталып жапырақтар төселер.
Бізді күткен Көктөбе бұлтқа оранып қалыпты,
Шам күйген бе? Қараңғы біз жүретін көшелер...
Біз баратын ресторан, біз баратын кафелер,
Тәтті ерніңді сүйгізген ыстық, шіркін, кофелер.
Қазір мүлдем басқаша...
Мұздай қолың, кофе де...
Қолыңды ыстық сол кезде жібермес ем қап, егер...
Қараушы едік от өрім үміт көріп таңға біз,
Сағынады сыбызғы, мұңаяды шаң қобыз.
Түнгі Алматы бұлыңғыр...
Аялдама жабырқау...
Дырылдаған моторы бізді күткен автобус...


Ақ сезімнің қанаты, әттең, әлсіз, талды ғой,
Қауырсында жазылған өлең отқа жанды ғой.
Бізді күткен театр...
Бізді күткен саябақ...
Күткен қалпы...
Күткен қалпы қалды ғой...





Пікір жазу