15.09.2022
  131


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Сағыныш сапары

Сағынамыз... мұңаямыз... күлеміз...
Күткен бізді міне қайғы, міне күз!
Кету үшін жұлдызға ма? Айға ма?
Бәріміз де автобусқа мінеміз...
Бәріміз бұлт ішіндегі араймыз,
Санамызды тұманменен ораймыз.
Кейін тастап зулап жатқан уақытты,
Бәріміз де терезеге қараймыз...
Бәрін білген жан жоқ шығар туғаннан,
Шипа керек сезімдерге уланған.
Бұл өмірге қараймыз кеп тұманды,
Терезеге қараймыз кеп буланған.
Мөлдірейді жанарды жас жуғаннан,
Арулардың кірпіктері суланған.
Мүмкін, көктем келіп қалар хабарсыз,
Терезені сүртіп қойшы буланған.
Мұң шығады төсімді кеп қақсам бір,
Жанарлармен шағылысқан ақшам нұр.
Терезеден сырғанайды көз жасы,
Жүздерінен тайғанайды ақ жаңбыр.
Бәріміз де сағынамыз түнімен,
Жылаймыз кеп ақ жауынның үнімен.
Сағынайық жүрегімен құстардың,
Күрсінейік жетім күздің мұңымен.
Күз жайында шер тарқатып күнімен,
Көктем жайлы аңсаймыз ғой түнімен.
Сырласайық ақ қайыңның ойымен,
Сөйлесейік жапырақтың тілімен.


Жазға көктем, күзге бәлкім, қыс егіз,
Сарғаямыз... жабығамыз... үсеміз...
Жету үшін көктемге ме?.. Жазға ма?..
Бәріміз де автобустан түсеміз...





Пікір жазу