Ақ көйлек киген Ай..
«Мен айға ғашықпын»
Cенің сөзіңнен.
Белгілі ғой, белгілі жайым менің,
Жапыраққа үрлейді қайың демім.
Ақ жүзінен аппақ нұр шашыраған,
Аппақ көйлек киінген Айым менің.
Мейірім бар, жылу бар ана күнде,
Саған ғашық ғашықпын лала гүлге.
Көйлегіңнің нұрымен жарық берші,
Қара көйлек киінген қара түнге.
Ай басынан төгіліп ағын шашы,
Бір ауық тек кеудемде дамылдашы.
Ақ көйлектің ажарын бұзып тұрған,
Қара бұлттың күпісін жамылмашы.
«Төсің толса, қайтесің, шерге» дейсің,
«Махаббатта сын аз ба ерге» дейсің.
«Мойыныма лағыл ғып тағып жүрем,
Әперші» деп «жұлдызды» еркелейсің.
Суретіңді салады қалам мына,
Саған ұқсас сүйемін даламды да.
Саған ұқсас ғашықпын Ай кербезге,
Саған ұқсас сүйемін анамды да.
Бізде бақыт, бізде сыр, бізде қаяу,
Жолдар әне, апарар күзге жаяу.
Өлеңімді көктемгі саған жазған,
Жапырақтан оқырсың күзге таяу.
Ақ көйлегің пәк, таза арың сенің,
Ақ көйлегің кіршіксіз жаның сенің.
Көйлегіңді кірлетпе, шеше көрме,
Айым менің, не дейін, жаным менің.
Ақ қауырсын, сыйладым саған қанат,
Сен қымбатсың бағасыз маған ғана.
«Мен мұңайған ғашықпын айға» дейсің,
Ал мен болсам ғашықпын саған ғана.