Көкшені көргенде
Шоқылардың шоқтықтысы, биігі,
Қатарынан асып тұрған иығы.
Сыланады сымбатымен Оқжетпес,
Дегендей-ақ Көкше жердің ұйығы.
Сап, кіршіксіз тіршіліктің қорегі,
Жұпар ауа-жанға дауа керегі.
Сәбит Мұқан суреттеген қаз-қалпы,
Қарағайы, қайың, шырша, терегі.
Әр түп ағаш сондағыдай әлі де,
Сондағыдай түрленіп тұр сәні де.
Жапырағы қызыл, сары...ұқсайды,
Ботагөздің лентасының әріне.
Көзі күндей, өзі де ұқсап айға ана,
Ботагөздің сұлу жүзі айнада.
Тамашалап Оқжетпеске қараған,
Күлте шашын желпіп ойнап жай ғана.
Торғын орман, толықсыған бай дала,
Жасыл пүліс, алтын зерлі айнала.
Елестейді су көтерген әпкешпен,
Бурабайдың ар жағынан айбала...
Көкірегімді көп бұлқыныс тербеуде,
Сезім толқып, шабыт шалқып өрлеуде.
Сәкен, Қасым өлеңдерін жатқа айттым,
Бурабайды, Көкше көркін көргенде.