Сарыарқа
Сарыарқа сағым дала,
Үмітімді үзбеп едім.
Сәті түсіп бағым жана,
Мен өзіңе күзде келдім.
Тамыз айы тамсандырып,
Көркің бөлек көз тұнады.
Көкірегіме ән салдырып,
Төгіледі сөз құнары.
Көп естіп ем Арқа жайлы,
Адыр, қолат, жазаң, жазық.
Құмар шіркін тарқамайды,
Жүрген сайын мазамды алып.
Ұшып өттім аспаныңнан,
Кесіп өттім пойезбенен.
Асау өзен, асқарыңнан,
Ақын жанмын ой іздеген.
Ойдым-ойдым орманыңнан,
Оза шауып жарысамын.
Толас таппай ойландырған,
Сары дала - сары сағым.
Заман салған қасыреттен,
Қалған көңіл сызы бар ма?
Бақыт іздеп басып өткен,
Даналардың ізі бар ма?
Еділ үшін егескені,
Жайық үшін жандасқаны.
Тебінгіде теңескені,
Сертке жүрген алдаспаны.
Теңдік үшін толғанғаны,
Арнап саған жас жырын да.
Егеулі найза қолға алғаны,
Ала жатқан жастығын да....
Сәнің бөлек сағым дала,
Көз жетпейді шет-шегіңе.
Ашылғандай бағың жаңа,
Төбең жетіп көкте күнге.
Салқын самал гүлді үрлейді,
Сахараңда нұр ағылған.
«Сарыарқа күй» күмбірлейді,
Сан жылдардан сыр ағылған.
Тамыз айы тамылжыған,
Талмай алға зырлап келем.
Санам талмай сағым қуған,
Сарыарқаны жырлап келем.