Күй құдыреті
Жиналған жұрт патша, бек, қолбасы,
Сол көрініс ғасырлардың есінде.
Ұлы сайыф-әл-дауланың ордасы,
Салтанатты сайран-сауық кешінде.
Аласалау үлкен көзді бір адам,
Шықты алдыға аса мейір ізетпен.
Халонының құлақ күйін бұраған,
Телмірді ел әр қимылын күзеткен.
Баяу үнмен бсталды күй жайдары,
Баурап бірден жұрт назарын өзіне.
Кең тыныстап шырайлары жайнады,
Зейін қойып халонның әр «сөзіне».
Жүйткіп әуен қарлығаштай қалқыды,
Бұлбұл сайрап толқығандай гүл ашып.
Күмбірлеп күй барған сайын шалқыды,
Бір мазмұннан бір мазмұнға ұласып...
Сахарада салқар көш пе, шақас па,
Дүбірледі тұлпарлардың тұяғы.
Саңқ-саңқ етіп шабыттанған айқасқа,
Зуылдады сұңқарлардың қияғы.
Қашты қырдан қасқыр ма, әлде түлкі ме,
Жанұшыра ыра төмен жосылып...
Басты халон мәз-мәйрам бір күлкіге,
Күліп кетті көрермендер қосылып.
Үзілмеді үн, орда ішінде дүрілдеп,
Көздерінен күлді жасы аққанша.
Кейбіреулер әлсіреді дірілдеп,
Күле беріп ішегі әбден қатқанша.
Сонда барып күй сұңқылдап жылады,
Ырық бермей елдің босап көңілі.
Өз-өзінен өксіп-өксіп құлады,
Қалғандай-ақ қасыретте өмірі.
Қос қолымен бүйірлерін таянып,
Ботасы өлген боз інгендей боздады.
Сол жылаудан қалмады ешкім аянып,
Шемен шері шыныменен қоздады.
Дауыл ұрған құрақтайын майысып,
Бір-бірімен құшақтасып көрісті.
Талыққанда қабырғалар қайысып,
Құбылып күй ашты жаңа өрісті.
Толықсытты жайма шуақ ән-күйге,
Жанарларда жанды ұшқын жаудырап.
Тербетіліп майда қоңыр әлдиге,
Қалғып кетті қалың қауым маужырап.
Ойын бұрмай тіршілік пен азапқа,
Секілденіп дүниенің еркесі.
Қам-қайғысыз шомып шырын ләззәтқа,
Тәтті ұйқыдан оянды жұрт ертесі...
Сырласатын музыкалы әлеммен,
Бар өмірін өнерге арнап өткізген.
Күйдің шексіз құдыретін халонмен,
Әл-Фараби дәл осылай жеткізген.