14.09.2022
  111


Автор: Зәһәрә Нұрәділқызы

Кеше ғана...

Ауылымыздан алдыңғы күн аттанып,
Кеше ғана шекарадан аттадық.
Кермедегі тықыршыған жүйріктей,
«Той» деген соң үйде тыныш жатпадық.
Сәті келіп түссем әмән жарысқа,
Көсілгім бар көп жиналған арыста.
Өз елімнің үкілеген саңлағы ем,
Шабайын деп талықпастан алысқа.
Жанар, бәлкім, бұл майданда бағым бір,
Алауласын ас-тойыңда жалын жыр.
От жаққан жер, отан бөлек болғанмен,


Қашандағы қазағыммен қаным бір.
Санам да бір, айта берсең салтым бір,
Екі елді де жадыратты жарқын нұр.
Азиядан бой көтерген мәртебең,
Қырандайын күн астында қалқып жүр.
Қастерлеген еркіндік пен ерлікті,
Кернеп үні бойлық пенен ендікті.
Алға тартып бабалардың ізімен,
Ардақтаған ар-намысты ел мықты.
Мықтылық сол береке мен татулық,
Өшпейтұғын мәңгі өнеге батырлық.
Батырлардың қан-терінің бодауы—
Мынау шексіз кең далаңда жатыр құт...
Кеше ғана шегарадан аттадық,
Бүгін жүрміз Алматыда шаттанып.
Бір көруді арман еткен талайдан,
Жүрек отын қуанышпен аптадық.





Пікір жазу