Ақын рухы.
Ақын тілі - ақ алмас,
Қылыштайын сермейтін.
Қара қылды қақ жарып,
Жауына есе бермейтін
Ақын жаны - нәзік жан,
Болымсыз іске күйрейтін.
Шамырқанса мұңайып,
Шаттығынан сирейтін.
Ақын ойы – теңіздей,
Тереңіне бастайды,
Шыңырау тартып шымырлап,
Қиялыңнан кетпейтін.
Ақын көңілі бір айдын,
Шегі бір өлшеу бермейтін.
Жайсаң болып жаралған,
Тарылуды білмейтін.
Ақын сенім серкесі,
Селт еткенді сезетін.
Өзі туған өлкесін,
Қиялымен кезетін.
Ақын жыры - ақ жауын,
Толастамай селдейтін.
Сөз асылын тізбектеп,
Ақылға сап тергейтін.
Ақын жанған өрт бейне,
Су сепсе де сөнбейтін.
Жалын жұтып өзегі,
Ақиқатқа шөлдейтін.
Ақын деген дария,
Тасыса бөгеу бермейтін.
Жағаны орып тепкілеп,
Долданса, сірә, көнбейтін.
Қанаты бар ақынның,
Тас қияға өрлейтін.
Жүрегі бар шу асау,
Тізгіндеуге көнбейтін.
Ақын қыран құздағы,
Мұз құрсанып түлеген.
Жайнап жаны кетеді,
Жазған сайын бір өлең.
Қырандайын биіктеп,
Өрлеген өнер өріне.
Ақыныңды сүйікті ет
Тағдыр туған еліне.