Көңілдегі толғаныс
Ағалар арыстандай аттарың бар,
Ұлы таулар тозғаны-ай жатқан ұлар.
Өздеріңдей өр көңіл ұлды туған,
Ару ана даңқыңмен мақтаныңдар.
Көкжал болып бабалардан бата алғансың,
Ер атымен намысты аталғансың.
Ұлы таулар жаратып ұл өсірген,
Ұлы ана жер төсінде жасарғансың.
Миллиардтың мекені - ұлы қорған,
Туған өлкем - ғазиз жер тұнық ордам.
Осы жерде арда өскен ағаларым,
Көкейіңе бабалар рухы қонған.
Жараса ма бұл күнде қалыпсыздық,
Туған жерді қорғамау намыссыздық.
Осы жердің жаралып жүрегінен
Оты болып арманның жанып тұрдық.
Атқа қоншы ағалар аялдама,
Тірлік сырын жай ұғып аяңдама.
Торуылдап мылтығын қолына алған,
Тау кезіп жүр біреулер айбарлана.
Ей мергендер не жатыр қақпаныңда,
Жалғыз ұлар құлады-ау атқаныңда.
Оқ тигендей күңіреніп ен далада,
Бір мұң жатты жазықсыз жас жанымда.
Жалғыз аяқ соқпақпен жүріп келем,
Жүрегімнен туса деп білікті өлең.
Көз алдымда табиғат білікті ана,
Ой-санамда толқиды тірлік деген.
Туған жердің аялар нұрлы аспанын,
Өздеріңмен ағалар сырлас жаным.
Қасиетті бабалар мекенінің,
Көрмесе екен енді ұрпақ кір басқанын.
Жалғанса екен өмірдің нәрлі өлеңі,
Бақыт билеп сезгір ой жан денені.
Тірлік көркі өмірде мәңгі-мәңгі,
Жаратылыс нұрымен сәнденеді.