13.09.2022
  138


Автор: Мейрамгүл Тоғжанова

Анаға хат

Жеңіл сезім желігімен желп етпен,
Балаң едім бауырыңда ерке өскен.
Оқый алмай менің лепті жырымды,
Аяулы ана дүниеден ерте өткен.
Жаным ана, көріп пе едің Ертісті,
Ерке өзеннің суын қызың ерте ішті.
Ақ қайыңның арасында ағынан,
Ақтарыла досымен сыр шертісті.
Менің жырым ұлылармен танысқан,
Жас жүрегім асау тайдай алысқан.
Сағыныштың күйін шертіп әрдайым,
Сағынып жүр сары ботаң алыстан.
Әлі есімде талшыбықтай жас күнім,
Ана саған шақтым талай тәтті мұң.
Тасқын судай арнасына симайтын,
Өзің барда менің шалқар шаттығым.
Тәтті лебіз, сұлу сөздер ойға астар,
Қайда-қайда мен жырлайтын боздақтар.
Боз жусанды туған жердің жонында,
Шаң будақтап бір-бірінен озды саңлақтар.
Таудың таза ауасын мол жұтамын,
Қуанғанда құстай самғап ұшамын.
Ақ баталы анам ақын болшы деп,
Кескен кеше өлеңімнің тұсауын.
Сол себепті жастайымнан, құрбылар,
Болып өстім өлең құмар, жыр құмар.
Біреулер мені қанша шетке қақса да,
Туған елім өз ішінде сыйдырар.


Менің жаным жамандықтан түршікпек,
Мені кімдер аққудайын үркітпек?
Ұйықтай берші аяулы ана алаңсыз,
Қауашағын ашты өлеңім бүршіктеп.





Пікір жазу