Кие
(Поэма)
Сары күзде, сап-сары ала, таңлақ дала,
Күн еңкейді батуға шаңдақтана.
Бір қаланың жұртының көзін бояп,
Аруды кетті жігіт аулаққа ала.
Арудың лүпілдеген жүрегіндей,
Даланың қан-сөлі жоқ реңінде.
Бұл жігіт ие еді ғой бұл өңірге,
Бұл жігіт қонақ қазір бірер күнге.
Күн еңкейіп кетті ауа қоюланып,
Сары аңыз көзге ұрылды оюланып.
Дән де жоқ, жазғы сән де жоқ, сая да жоқ,
Қалған тек қарақшы анау сойылды алып.
Шөп күрке есігі мен төрі бірдей,
(Сайтанның сап қойғандай сейіліне).
Аруды жігіт бастап сонда келді,
Азынақ күз желімен желуде ой.
Сайғақтар сап-сарыала, жусансыз жер,
Қараңғылық көрсеткен көзіңе көр.
Бір үрей албастыдай ойына орнап,
Ару тұр, не істемес еркіндігі өр.
Ұзақтан сағынысқан ғашығы ма,
Болмаса бұрыс келген ғасыры ма.
Емініп аш қойынға ене берді,
Ару қыз, жеткендей боп асығына.
Ызғары күз кешінің білінбеді,
Жігіттің қыран көзі күлімдеді.
Ару қыз «сүйемін» деп дірілдеді,
Ғажап бұл қандай жүріс іңірдегі.
Жігіттің ыстық демі сезілгенде,
Сезім тулап, ақылы безінгенде.
Арудың желкесі сәл «дыз» еткен-ді,
Ескермеген бақыттан көз ілгенде.
Шықпағандай құмардан асық әлі,
Сан жұлдыз төбе төрге тасынады.
Сар даланы түн тоны жасырады,
Ал, жігіт кетуге енді асығады.
Ару тұр, кірпігіне мұң жайланып,
Кеш өтіп қалғаны анық түнге айланып.
Жігітке бойұсынып қайтты кейін,
Кетпеші деуге дәт жоқ тіл байланып.
Бұл жігіт иесі еді бұл өңірдің,
Қызығына келгендей бірер күннің..
Қонақтап кетті ертесі...алыс жаққа,
Арудың жүгі ауырлап жүрегінің.
Жалғыздың жарақатын кім түсінген,
Қоштасты көзге жасын іркісумен.
Сол күні бейуақыт болған тұста,
Дүрлікті ел, әлгі арудың күлкісінен.
Шарқылдап күледі қыз ертесінде,
Ата-ананың бұлт төнді еркесіне.
Ақылдан адасты деп абайсызда,
Көрсетті қаланың бас емкөсіне.
Шарқылдап «күрке» дейді күледі қыз,
Аңызға бетін бұрып жүреді қыз.
Кірпік ілмей түнімен өзін жұлып,
Таң ата әрең көзін іледі қыз.
Қалайды қыздың әр кез ел ұстамын.
Қараңыз балгердің данышпанын.
Жын соғып, айтты бойдан пері ұшқанын,
Сайтан сүйген желкеде беріш барын.
Албасты деп ел одан ығыстады,
Қыз ешкіммен бір сәт те ұғыспады.
Емші-емкөс оны айландырып,
«Өзгені тап сайтан» деп дыбыстады.
Болмады «күрке» дейді күледі ару,
Сары күзден қысқа өтті бойындағы у.
Тарыдай беріш енді түймедей боп,
Еш жерден табылмады емге дәру.
Қыз солай бар шаттықтан ірге бөлді,
Сандалып сыбырлайды бірдемені.
Бір жүректі жүрістен жаңылтқаны,
Жігіттің түсіне де кірмеп еді.
Қыс өтіп, көктем келді жусан дала,
Ару қыз азабымен жүр сандала.
Желкеде беріш өсті жемжемілдей,
Күркені түлежітті сыршаң дала.
Күтті жаз күреңіткен күзін енді,
Күз болса жеміске көз сүзіледі.
Арудың желкесіне дейді емкөстер,
Пышақ тисе жаны да үзіледі.
Сонда ата-ана үмітін үрлейтұғын,
Жігіттің түсіне қыз кірмейтұғын.
Жыл айлануға айналды «жынды» атанды,
Арудың сырын ешкім білмейтұғын.
Жыл болып қалған еді осы күзде,
Ата-анасы арыды емкөс іздеп.
Қуанды үміті енді ілінердей,
Бір кемпір балгер кепті деген сөзге.
Кемпірге қызын сонда келді алып,
Көз көрген аяп кетті бүкіл халық.
Есіктен кіріп келген қыз ғажап-ау,
Кемпірді көріп естен кетті танып.
Көз жұмып кемпір отыр тілек айтып,
Жын соққан, ұшық шалған
Қалай...қайтып.
Күрке бар сырт жағында бұл қаланың,
Өртеңдер дереу соны иесіне айтып.
Жын соққан дейді қайта
Қалай...қайтып.
Кемпірдің құдыреті қалады ойда,
(Кетті адамдар күркелі дала қайда).
Көз жұмулы болса да көкірек ояу,
Қыз қайда, желке қайда, жара қайда,
Деп кемпір сипап тауып қыз берішін,
Қыршып тіспен бүрікті анадайға.
Кемпірдің ем домына халық ұйып,
Өртшілер бір қырсықты келді қиып.
«Алла» деп түрегелді әлгі ару,
Бір жылғы қателескен есін жиып.
Арманнан адам өстіп неше өседі,
Адалдық кетпес тегін есе-теңі.
Дәл осы соңғы ем-доммен тыныс үзген,
Жігіттің ауылдағы шешесі еді.
Ер қайырлар қашанда ел дегенге,
Көрмегенге болмады келмегенге.
Күз желіндей аңырап келді аруға,
Адастым деп шешесін жерлегенде.
Не жетсін киесі бар жердегі елге.