13.09.2022
  127


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Бөлшегім секілді

Бөлшегім секілді бойымнан бөлінген,
Моншағым секілді мойнымнан төгілген.
Көгілдір көктем боп келіп ең,
Аққу боп аттандың көліңнен.
Бәрің бір әуен ең ауаға тоқтаған,
Ақыл ең шендіге, шекпенге соқпаған.
Мөп-мөлдір ағын ең,
Бағы да едің осы елдің,
Ару ана-жүрегім бейнеңді жоқтаған.


Бағы жоқ мекенге бұйырмас кие едің,
Балапан құстар-ау, басымды иемін.
Батар күн құзарға сүйейді иегін,
Мен де сол сезіммен сендерді сүйемін.
Қолымнан аттанған кішкентай таланттар,
Сендерден зерттейтін тілсімат алап бар.
Класта аз білім алғанмен,
Сендерден оқитын сабақ бар.
Шалғанмен өнер-құз басын ақ,
Баурайы жасыл ніл жапырақ.
Аттанып кеттіңдер, аққулар,
Алқынған арандарды асырап.
Жалғасып жатқанмен таңға әнің,
Тереңдер бүгеді бармағын.
Түйедей түктілер сезер ме,
Түймедей сөзіңнің салмағын.
Айырылу қасырет келмеді-ау сөзге ебім,
Тұманың көзіндей бұрқылдар кездерің.
Бағың да бағынан басқаша өзгенің,
Мұңың да өзге мұң.
Бөлшегім секілді ең, бойымнан бөлінген,
Алдыңнан күтуде керім ел.
Көрсек біз арман не,
Ділі де, тілі де тұп-тұнық ұрпақты,
Соңыңнан өрілген.





Пікір жазу