Бақыт қонса басыңа, мұң түнемес
Жасаурап жанарым тұр, жаным жалын,
Жазира жүрегіме жазылған мұң.
Ай аунап кетті тағы арамыздан,
Өзіңді елден ерек сағынғаным.
Ақша бұлттай ой-тауға дамылдадым,
Жеңілдеп жел жетекке сабылмадым.
Сағымдай сай-саланы кезсем-дағы,
Аяулым алдымнан сен табылмадың.
Ақ қайың күй жапырағын жаяды айға,
Ақ шуақ ақ балтырды аялайды ә?
Ақиық қанатыңа жел байланып,
Ауылға келіп кетсең жарамай ма?!
Сезімге сенім жібі іліккендей,
Күтемін хабарыңды тұнып көлдей.
Көруге сен де асығып жүргеніңмен,
Жатыр ма көп жұмысың ырық бермей.
Сырласым - жусанды бел бетегелі,
Мұңымды шаттығыма жетеледі.
Жүрсің бе әлде баяғы батырлардай,
Алдымен ел борышын өтегелі.
Жасыта алмас жанымды пәруәнә мұң,
Жайдары елесіңе алданамын.
Сезіне алсаң сезімде құдырет бар,
Қадырлейді дейсің кім қолда барын.
Елітеді жанымды сыршыл елес,
Бақыт қонса басыңа, мұң түнемес.
Сені өзге қаншалық сүйгенімен,
Менен артық сүюің мүмкін емес.