Будақ-будақ бұлт ауып төбемізден....
Будақ-будақ бұлт ауып төбемізден,
Өлең оты лаулайды өремізден.
Адам қылып жаратып Тәңір Ием
Бабамды көк бөріге неге емізген?
Қадым заман ол дәуір – жұмбақ елес,
Тылсым сыры көненің тынбақ емес.
Қу мен сұмға табынып құлдың бәрі
Білмеген шақ Құдайын
бұрнағы ел еш.
Күллі ғалам мақұрым Иесінен,
Жын-перідей адасқан жиі есінен.
Жалбарынар жан болса бір Аллаға
Жаңылмаған бөрі еді киесінен.
Пенде біткен жаңылса Ардан құлай,
Оңбайтынын сездіріп жалған бұлай.
Тым болмаса бөріше табынсын деп
Бөрі баурына түркі ұлын
салған Құдай.
Түз елітіп тылсымға, тағы үніне,
Көзім жетіп құладым тағы, міне.
Бөрі сүті арқылы бойға дарып,
Қанға сіңген табыну Тәңіріме.
Арды құшқан жүрекпен алып, арда,
Алламды мен осылай танығанда.
Басқа тобыр Хақ түгіл, Тәңір түгіл
Қара таппай жүретін қағынарға.
Тәні түгіл көміліп жаны лаңға.
Замананың айналды зары заңға,
Кетсем бе екен айналып кәрі ұзанға?!
Рух тілінде өзіңмен тілдесерге
Қуат берші жаныма, Тәңір-Алла!