13.09.2022
  108


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Көңіл делбеп, көгертпес көсегемді....

Көңіл делбеп, көгертпес көсегемді,
Қоюым керек шығар осы өлеңді?!
Шідерім жоқ Ләйлім қыз олжалайтын
Сүйретпейін сабылып бос өремді...
Жұмыр басқа жар болып
жаппар Ием,
Түссе деп ем өлең боп хатқа кием.
Жүре берсем бір күні баба салдай
Атқа мінем... немесе отқа күйем...
Несібеме не дейсің нала сырлы,
Не десең де қоймаймын таласымды.
Жазатайым жазылған жұмыр өлең
Өмірдегі өлшеусіз баға сынды.
(Бір қуанып қаламын бала сынды.)
Өкіметке өгей тіл, өгей ғұрып,
Жыртығымды жамар ма
жебей жүріп?
Тірлігінен тобырдың тумысы жат
Не демейді... Мен жайлы
не дейді жұрт?!
Бөлтірік ем басқадан болмысы жат,
Бақ табам деп жүргенде
сор құшып ап,
Бақыт іздеп жүргенде сорға ұшырап,
Ақыретке барғанда білем, Алла,
Өлең жайлы боларын соңғы сұрақ.





Пікір жазу