13.09.2022
  85


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Заманыңнан запыран, заһар ағып...

Заманыңнан запыран, заһар ағып,
Түйсіктілер түңілер қапаланып.
Өңкей жебір зекіген төрге шықты
Ақымақтар айқаймен атақ алып.
Құлан құлап құдыққа құны кетті,
Құрбақаның құтырар күні жетті.
Тұғырынан тайған соң текті қыран
Қыр көрсетіп құзғындар ығыр етті.
Жетесіздер желкеңнен жекіреді
Содан барып сенімің сетінеді.
Төре болып кеткен соң төлеңгіттер
Шабармандар шен алып секіреді.
Бәле төніп басыңа бүлік бөксе –
Шаң қаптырар сырт беріп үміт-кексе.
Ұлтым дейтін ынсапты ұл
қайдан шықсын
Ұлдан ұлық, қызыңнан
қылық кетсе...





Пікір жазу